2025 жылғы егін жинау науқаны қорытындылары бойынша елімізде дәнді дақылдармен қатар бұршақ және майлы дақылдардан рекордтық өнім алынды, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, агротехникалық шараларды қатаң сақтау жоғары өнімнің басты кепілі болып отыр. Биылғы маусым тек дәнді дақылдар ғана емес, сонымен қатар жоғары рентабельді бұршақ және майлы дақылдар бойынша да рекордтық көрсеткіштерге жетті. Әртараптандырылған егіс алқаптары топырақ құнарлылығын арттырып, келесі дақылдардың өнімділігін жақсартуға септігін тигізеді.
"Республика бойынша астық жинау толығымен аяқталды. 16 млн гектардан гектарына 17 центнер өнімділікпен 27 млн тонна астық жиналды. Бидай 12,2 млн гектардан 20,3 млн тонна болып бастырылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 500 мың тоннаға көп. Егіс көлемі қысқарғанына қарамастан, өндіріс көлемі артты, бұл озық агротехнологиялардың тиімділігін көрсетеді", — деді Айдарбек Сапаров.
Сонымен қатар, министр 4 млн тоннаға жуық арпа, бұршақ дақылдарының алғашқы 1 млн тоннасы, майлы дақылдардан рекордтық 4,3 млн тонна өнім жиналғанын атап өтті. Картоп, көкөніс және бақша дақылдары бойынша да жақсы көрсеткіштер тіркелді. Мақта жинау жұмыстары да аяқталып, орташа өнімділік 30 ц/га деңгейінде қалыптасты.
Министрдің сөзінше, фермерлердің агротехнологияларды сақтауына мемлекеттік қолдау тетіктері үлкен ықпал етті. Ерте жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы аясында қаржыландыру көлемі 1 трлн теңгеге жетіп, минералдық тыңайтқыш енгізу көлемі 1,8 млн тоннаны құрады. Елдегі тұқымдық материалдардың үлесі де артты.
2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық қазірден басталды. Револьверлік кредиттер, жеңілдетілген лизинг бағдарламасы және техника жаңарту шаралары арқылы шаруашылықтардың өнімділігі жоғары деңгейде қамтамасыз етіліп отыр. Орташа өнімділік гектарынан 17 центнерге жетті, ал кейбір шаруашылықтар 30 центнерден астам өнім жинады.
Астық экспорты да артып, 13,4 млн тоннаға жетті. Биылғы жылы қазақстандық астық бірнеше елдерге жеткізілді, ал экспорттық субсидиялау бағдарламасы 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ұзартылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, астықты терең өңдеуге арналған 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Елде астық сақтау сыйымдылығы 30,7 млн тоннаны құрайды, оның 13,3 млн тоннасы лицензияланған кәсіпорындарда, 17,4 млн тоннасы шаруаларда сақталады.
Айдарбек Сапаров өңір әкімдіктеріне келесі бағыттарды қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді: майлы дақылдар, жүгері және қант қызылшасы бойынша егін жинауды уақтылы аяқтау; жиналған өнімнің сақталуы мен өңделуін қамтамасыз ету; 2026 жылға қажетті тұқым көлемін дайындау; шаруалар мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың Аграрлық несие корпорациясы алдындағы міндеттемелерін орындауы.
Министр атап өткендей, келесі жылы да агротехнологияларды қолдану мен өнімділікті арттыру жұмыстары жалғасатын болады.