ҚР Сыртқы істер министрлігінде (СІМ) "Адами өлшемі жөніндегі диалог алаңы" консультативтік-кеңесші органының кезекті отырысы өтті. Бұл туралы 4 қарашада құзырлы ведомствоның баспасөз қызметі ақпарат таратты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Отырысқа қатысушылар зейнет жасындағы азаматтардың әлеуметтік-экономикалық және мәдени құқықтары, төтенше жағдайларда олардың құқықтарын қамтамасыз ету, сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өсуіне әсер ететін тұрғын үйдің тұрақсыздығы мен тәуелділік мәселелерін талқылады.

ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Надиркулова Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен зейнет жасындағы азаматтарды қолдау, олардың еңбек қызметін жалғастыруына жағдай жасалу қажеттілігін және "күміс экономиканы" дамытудың өзектілігіне назар аударды.

Елші Қазақстанда 2,5 миллионнан астам зейнеткер тұратынын, олардың медициналық көмекке қолжетімділігі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы қамтамасыз етілетінін, ал 2025 жылы еліміздегі Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының саны 127 мекемеге жеткенін мәлімдеді.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмек көрсету департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбаева 2050 жылға қарай елімізде 65 жастан асқан азаматтардың үлесі 14%-дан асып, екі есеге ұлғайғанын атап өтті. Осыған байланысты скринингтік тексерулерден өтетін топтың жас шегі 76 жасқа дейін өскен. Сонымен қатар қарт адамдарға арнап мидың қан айналымы бұзылу қаупін ерте анықтау үшін жаңа скрининг енгізілген.

Зейнеткерлер санының артуына байланысты, "Kumis Khasyr" қорының атқарушы директоры Әсия Ақанова денсаулық, белсенділік және цифрлық дағдыларды біріктіретін "ақылды ұзақ өмір" концепциясына көшу қажеттілігіне мән берді.

Ақанова зейнет жасындағы адамдардың "үшінші жастағы" қоғамды қалыптастыруға, атап айтқанда, әлеуметтік бейімделу және қайта әлеуметтендіруді қамтамасыз етуге, спорт пен білімге, қаржылық, құқықтық және цифрлық сауаттылыққа қолжетімділікті кеңейтуге ерекше назар аударылуы қажет деп санайды.

Күн тәртібінің екінші тармағы бойынша ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің басқарма бастығы Болат Құсайынов "Азаматтық қорғау туралы" ҚР заңы барлық азаматтарға, әсіресе, зейнеткерлерге, мүгедектерге және балаларға төтенше жағдай тәуекелдері туралы алдын ала хабардар болуға, өз өмірін, денсаулықты және мүлікті қорғау құқықтары туралы хабардар болуға ықпал ететінін атап өтті.

Сонымен қатар елімізде азаматтарды төтенше жағдайлар туралы хабардар ету мақсатында "112" мобильді қосымшасын енгізу жұмыстары жүргізілуде. Қосымша қандай оқиғаның болғаны туралы, оқиғаның орны туралы және азаматтарға арналған ұсыныстар туралы "push-хабарламалар" алуға рұқсат бере отырып, еліміз бойынша 10-12 секунд ішінде жалпылай қамтитын "Mass Alert" жүйесіне интеграцияланатын болады.

ҚР Ішкі істер министрлігінің Отбасы мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы басқармасының басшысы Ақмарал Серікбаева тұрғын үйдің тұрақсыздығы, тәуелділік пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өсуі арасындағы тікелей байланысты атап өтті.

Серікбаева "Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы" ҚР заңы аясында агрессорды ортақ тұрғын үйден шығару, зардап шеккендерді дағдарыс орталықтарына орналастыру, психокоррекциялық бағдарламалар жүргізу және "ODARA" жүйесі арқылы рецидивтерді анықтау шаралары жүзеге асырылғанын мәлімдеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша өтініштер саны 18%-ға төмендегенін, алайда аталған салада жүйелі алдын алу жұмыстарының жалғасуы қажеттілігіне назар аударды.

Жалпы, күн тәртібі мәселелері ашық және конструктивті форматта талқыланды. Қатысушылар зейнеткерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және қоғамның қазіргі замандағы қауіп-қатерлерге төзімділігін арттыруға ортақ мүдделілігін растады.

"Адами өлшемі жөніндегі диалог алаңы" консультативтік-кеңесші органы 2013 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен құрылды. Бұл алаң үкімет пен азаматтық сектор арасындағы диалогты дамытуға арналған тиімді құрал болып қызмет етеді. Алаң жұмысына адам құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелер талқылау мақсатында халықаралық ұйымдардың байқаушылары да қатысады.

Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары, ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің төрағасы, мүдделі министрліктер, қазақстандық құқық қорғаушылар, үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық сектор өкілдері, сондай-ақ, алаң қонақтары – БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасы мен БҰҰ Даму бағдарламасының өкілдері қатысты.