Кәрі құрлықта үй қымбаттады. Кей пәтердің құны алпыс пайыздан жоғарылаған. Үй жалдау ақысы да арзан емес. Сондай-ақ АҚШ пен Жапонияда үйге сұраныс артты.

Еуропада тұрғын үй бағасы аспандап тұр. 2010 жылдан 2025 жылдың екінші тоқсанына дейін Еуроодақта тұрғын үй бағасы үздіксіз алты тоқсан бойы өсіп, жалпы 60,5%-ға артты. Ал жалға беру төлемдері осы кезеңде 28,8%-ға өскен. 27 елдің 21-інде баспана құны жалға алу бағасынан әлдеқайда жылдам қымбаттаған.

2025 жылдың екінші тоқсанында Португалияда баға 17,2%-ға, Болгарияда 15,5%, Венгрияда 15,1%-ға артып, азаматтар үшін тұрғын үй алу бұрынғыдан да қиындай түсті. Бұл – соңғы онжылдықтағы ең үлкен көрсеткіштердің бірі. Еуропалық Одақтың статистикалық бюросы Eurostat мәліметі бойынша, Финляндияда ғана баға төмендеген (-1,3%), қалған елдерде өсім байқалған.

Сарапшылар тұрғын үй бағасының шарықтауына шетелдік инвесторлар тарапынан сұраныстың артуы мен құрылыс саласындағы кадр тапшылығы себеп болып отыр дейді.

Микк Кальмет, Global Property Guide сарапшысы:

- Португалиядағы тұрғын үй бағасының күрт өсуіне шетелдік сұраныстың жоғары болуы, әсіресе, салықтық жеңілдіктер мен резиденттік бағдарламалар аясында көшіп келетін жұмысшылар санының артуы себеп. Экономикалық өсім мен ипотекалық несиелердің қолжетімділігі нарықтағы сұранысты одан әрі арттырды. Сонымен қатар тұрғын үй мен құрылыс кадрларының тапшылығы да баға өсіміне әсер етіп отыр.

Euronews-ке берген сұхбаттан үзінді

Америка Құрама Штаттарында Нью-Йорк пен Лос-Анджелестегі үй бағасы жылына 8%-ға өскен. Қызығы, Лос-Анджелесте биыл сатылған үйлердің үштен бірі – экологиялық тиімді технологиялармен жабдықталған «жасыл үйлер». Демек жылжымайтын мүлік нарығында тұтынушылардың таңдауы экологиялық жауапкершілікке қарай ойысып келеді. Азиядағы Токио мен Сеул сияқты мегаполистерде де тұрғын үй бағасы қымбаттаған. Жапонияның кейбір аудандарында өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға артқан. Ал Сеулде жас отбасыларға арналған «смарт үйлер» тренді дамып жатыр. Бұл үйлер технологиялық жабдығымен ерекшеленеді, қала тұрғындарының жаңа талғамына сай әрі бағасы да тиімді. Жаһанның ірі мегаполистерінде тұрғын үй сапасы мен экологиялық талаптарға сай заманауи үлгілер пайда болып, нарыққа біршама өзгеріс әкелді. Бұл үрдіс алдағы жылдары да жалғасуы мүмкін, сондықтан тұрғын үй бағасының өсуі әрі көкейкесті мәселе әрі инвестициялық мүмкіндік ретінде көрінуі ықтимал.

Авторлары: Нұрбике Жігер, Асхат Қарақойшиев