Талдықорғанда жасөспірімнің өліміне қатысты іс бойынша сотта жаңа деректер айтылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Талдықорған қаласында жасөспірім Шерзат Болаттың қазасына байланысты өтіп жатқан сот процесінде жаңа деректер жария етілді. Кезекті отырысқа марқұм оқиға орнында болған күні жарақат алған марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевты тексерген сот-медициналық сарапшы Өмірбек Жолымбетов шақырылды.

Сарапшының айтуынша, медициналық зерттеу 2024 жылдың 9 қазанында жүргізілген. Тексеру барысында Ғайыпбаевтың денесінен бірнеше жарақат анықталған. Маман мәліметінше, сол көзінің астында ұзындығы 3 және 5 сантиметр болатын көгерулер, оң құлақ тұсында — 2 және 1 см-ге жуық қанталаулар, шүйде бөлігінде жұмсақ тіндердің ісінуі мен қабынуы тіркелген. Бұдан бөлек, оң жақ жамбас тұсында ұзындығы 1,2 және 0,1 см болатын жара байқалған.

Жолымбетовтің қорытындысына сәйкес, Нұрқанат Ғайыпбаевқа келесідей диагноз қойылған: бас-сүйек-ми жарақаты, мидың шайқалуы, бас маңдайындағы жұмсақ тіндердің зақымдануы, шүйде тұсындағы қанталау, кеуде қуысы мүшелерінің жабық жарақаты, оң жамбастағы бірнеше шаншыла-кесілген жаралар және оң тізе буыны аймағындағы зақымдар.

Сарапшының мәліметінше, Ғайыпбаевтың жамбасындағы үш жарақат бір ғана затпен, бірнеше секунд аралығында бірінен кейін бірі келтірілген. Сондай-ақ сарапшы жарақаттарға сараптама оқиғадан бір апта өткен соң жүргізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл фактор жаралардың бастапқы тереңдігін нақты анықтауға ықпал етуі мүмкін.