Байқау өткізу барысында 4 жылда білім тақырыбындағы 90 мыңнан астам контент әзірленген.

Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі TikTok платформасымен бірге дәстүрге айналған "Қазақстан мұғалімдері" байқауын кезекті рет жариялады. Биыл бұл байқау елімізде төртінші мәрте өткізіліп отыр.

Байқауға қатысатын мұғалімдер платформада өз пәндері бойынша қысқа танымдық бейнероликтер ұсынады. Атап айтқанда, мектеп педагогтері мен жоғары оқу орындарының оқытушылары 19 қарашаға дейін жоба парақшасында өтінім беріп, #УчителяКазахстана хэштегімен кем дегенде бір бейнеролик жариялауы қажет. Роликтар танымдық сипатта болып, автордың оқытатын пәніне сай келуі тиіс. Автордың бейнеролигі мыңнан астам қаралым жинаған жағдайда, ол өз профилі үшін эксклюзивті жиекке ие болады. Ал бейнесі 5 мыңнан астам қаралым жинаған қатысушылар үш iPhone 17 ұялы телефонының бірін ұтып алу мүмкіндігіне ие болады.

Жеңімпаздар аудиторияның белсенділігі мен тартылу деңгейі негізінде анықталады. Толық ережелер TikTok қосымшасындағы байқау парағында қолжетімді.

"Біздің жобамыз көптеген міндеттерді шешеді: педагог мамандығын насихаттайды, оқытушыларды цифрлық контент жасауды меңгеруге ынталандырады, оларға өздерін танытып, аудиториясын сынып шеңберінен тыс кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, миллиондаған қолданушыларға беделді білім иелерінен үйренуге жол ашады. Биыл да бұл жоба Қазақстан білім беру саласының жаңа тұлғаларын ашып, олардың шығармашылық әлеуетін көрсететініне сенімдіміз", – деді TikTok компаниясының Түркия, Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша операциялық бөлім басшысы Мелис Чаглар.

Еске салайық, төрт жыл ішінде Қазақстанда мектеп мұғалімдері, колледж оқытушылары және жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамын біріктірген білім беру контенті авторларының мықты қауымдастығы қалыптасты. Ал жалпы бейнероликтер саны 90 мыңнан асты.


Оқи отырыңыз:

  • TikTok жасөспірімдер қауіпсіздігін арттыруға арналған функцияларды іске қосады
  • Ата-аналар енді баласының қанша уақыт TikTok көргенін бақылай алады