Мәжілістің жалпы отырысы өтіп жатыр.

Депутат Бақытжан Базарбек қаржы мониторингі субъектілеріне қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерге қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда қаралып жатыр.

"Осы заң жобасының үшінші бабында "Азаматтарға арналған үкімет" сияқты субъектілерді, ұялы операторларды қаржылық мониторингі субъектілері қатарына кіргізуді әріптестеріміз ұсынып отыр. Бірақ мен бір нәрсені түсінбей тұрмын. Не себепті заң жобасының үшінші бабында қаржылық мониторингі субъектілері қатарында мынандай ұйымдар жоқ? Мысалы, "Заңсыз активтерді қайтару туралы" ЖШС. Astana Hub. Бірнеше рет ол жерде көп былық болып жатқанын айттым. "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры, автоломбардтар, "Жасыл даму" АҚ неге қаржылық мониторингтің субъектісі емес? Есеп беру орталықтары, эндаумент қорлары бар. Оны кіргізуге дайынсыз ба?", — деп сұрады депутат.

Бұл сауалға Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов жауап берді.

"Сіз айтқан кейбір ұйымдар қаржы мониторингі субъектісіне кіреді. Ломбард, Astana Hub деп айтып отырсыз, олардың бәрі қаржы мониторингі субъектілері. Біз олардан ақпарат алып тұрамыз. Қай ұйымдарды қаржы мониторингі субъектісіне кіргіземіз? Басқа шет елдердің тәжірибесі бар. Оған сәйкес ФАТФ талдау жасап, нәтижесін ұсыным ретінде береді. Солардың ішінде айтылған ұйымдар қазір қаржы мониторингінің субъектісіне кіреді. Ал енді басқа да тағы субъектілерді кіргізуге ұсынымдарыңыз болса, оны қарастыруға дайынбыз", — деді агенттік өкілі.

Мәжілісмен осыған қатысты пікір білдірді.

"Заңның үшінші бабында 20 субъектінің қатарында Astana Hub жоқ. Ал цифрлық активтердің құрамында майнингтік орталықтары да бар. Қазір барлық заңсыз қылмыстық жолмен табылған табыстардың көпшілігі майнинг орталықтары арқылы жүргізіледі. Astana Hub ішінде майнингпен байланысты мекемелер өте көп. Ломбард дейсіздер ғой, заңның үшінші бабында микрокредиттік ұйым делінген. Автоломбард емес, бұл бөлек дүние. Мен атап кеткен субъектілер олар 20 субъектінің қатарында заңның үшінші бабы бойынша кірмейді", — деді Бақытжан Базарбек.