Рафаэль Уразбахтин матч алдында ойыншылар жағдайы туралы да сөз қозғады.

“Интер” — “Қайрат” арасындағы еурокубоктың 4-тур матчы бүгін, 5-нен 6-қарашаға қараған түні сағат 01:00-де Миландағы Джузеппе Меацца стадионында өтеді. Осы орайда матч алдында өткен баспасөз мәслихатында "Қайрат" ФК бас бапкері Рафаэль Уразбахтин аңыз стадион “Джузеппе Меаццада” өнер көрсету сіз үшін қандай маңызға ие деген сұраққа былай жауап берді:

"Маған осы жайында жиі сұрақтар қойылуда. Әрине, бұл аңыз стадион. Керемет арена! Мен осы жаққа 8 жыл бұрын “Қайрат” академиясының командасымен келгенмін. Біз мұнда турнирге қатыстық. Одан кейін “Джузеппе Меаццада” Чемпиондар Лигасының финалын көрген едім. Ол кезде "Реал" "Атлетикомен" бақ сынасып жатты. Енді өзім дәл осы стадионда бас бапкер қызметін атқаратын болып тұрмын. Бұлай болады деп кім ойлаған? 8 жылдан кейін “Қайраттың” мүдессін қарымды қарсыласқа қарсы “Джузепе Меаццада” қорғайсың десе, өзімде сенбес едім", — дейді бапкер.

Айта кетейік, "Қайрат" капитаны "Интерге" қарсы матчта алаңға шықпайды. Бас бапкердің айтуынша, команда капитаны Александр Мартынович жарақатына байланысты алдағы кездесуге қатыспайды. Ол "Астанамен" өткен соңғы ойында жеңіл жарақат алған. Мартыновичтің орнына алаңға Александр Широбоков шығуы мүмкін.

Сондай-ақ бүгін "Челсидің" скауттары арнайы "Қайрат" пен "Интер" арасындағы ойынды тамашалап, Дастан Сәтпаевтың мықты қарсыласқа қарсы ойынын бақыламақ.