Астана әкімдігінің өкілдері елордада бір күнде 97 жүк көлігі көлемінде қар шығарылғанын хабарлады. Жергілікті тұрғындарға алдымен қай аудандарды қардан тазартатынын түсіндірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Әкімдік баспасөз қызметінің хабарлауынша, комммуналдық қызмет мамандары Астанадан соңғы екі күн ішінде арнайы полигондарға 3000 текше метрден астам қар шығарған. Бүгін қаладан 1229 текше метр, яғни 97 жүк көлігі көлемінде қар шығарылған.

Бүгінде елорданың коммуналдық қызметтері жұмысын күшейтілген әрі үздіксіз режимде жүргізіп жатыр. 6 қарашаға қараған түні қар күреу жұмысына 187 жол жұмысшысы мен 433 арнайы техника жұмылдырылады.

"Ең алдымен негізгі көше магистральдары мен қоғамдық көлік бағыттары тазартылады. Осыдан кейін тазалау жұмысы қозғалыс қарқыны орташа учаскелерде – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда жүргізіледі. Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен жаяу жүргінші жолдарында мейлінше сақ болуға, сондай-ақ ауа райы қолайсыз жағдайда алыс жолға шықпауға шақырады", — делінген хабарламада.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз