Қазақстандық актёр Рүстем Омаров әйгілі Джеки Чанның халықаралық жобасы – "Құдіретті сауыт: Ультиматум" фильмінің түсіріліміне қатысады.

Salem Entertainment компаниясының хабарлауынша, Рүстем Омаров бұл жобаға сценарист әрі актёр ретінде қатысып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Бала күнгі кумирім Джеки Чанмен бірге бір туындыда ойнау – мен үшін үлкен қуаныш әрі жауапкершілік, – деді актёр.

Еске салайық, қазан айының басында "Құдіретті сауыт" франшизасының төртінші бөлімі Қазақстанда түсірілетіні белгілі болған еді.

Бұл танымал франшиза – 1986 жылы Джеки Чан түсіріп, басты рөлде ойнаған культтік гонконгтық шытырман оқиғалы боевиктен бастау алған. Кейін оның жалғасы – "Құдіретті сауыт 2: Кондор операциясы" (1991) және "Құдіретті сауыт 3: Зодиак миссиясы" (2012) фильмдері шыққан.

Жаңа жобаның режиссёрі – қазақстандық Роберт Кун. Ол эксклюзивті сұхбатында Джеки Чанның шығармашылығы өзіне үлкен шабыт беретінін атап өтті.