XIII-XIV ғасырларға тиесілі қорым аумағы 60 мың шаршы метрді құрайды.
Ресей мен Қырғызстан археологтары Ыстықкөлдің түбіне жасаған халықаралық суасты экспедициясы барысында XIII–XIV ғасырларға тиесілі және ауданы шамамен 60 мың шаршы метрді құрайтын мұсылмандар қорымын тапты, деп жазды Восточный экспресс.
Экспедицияның басты мақсаты – Ұлы Жібек жолының маңызды сауда және керуен бекеттерінің бірі болған Тору-Айгыр кешенін зерттеу болған. Экспедиция барысында ғалымдар ортағасырлық мұсылман қорымын, күйдірілген кірпіштен салынған құрылыс қалдықтарын және ірі керамикалық бұйымдарды тапты. Бұл жәдігерлер осы аймақта ежелгі қала болғанынан хабар береді.
Экспедиция жетекшісі, тарихшы Валерий Кольченконың айтуынша, бұл жер Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі сауда орталығы болған. Алайда, XV ғасырдың басында күшті жер сілкінісінен кейін қала су астында қалған.
"Қаланың тұрғындары апат кезінде үйлерін тастап кеткен сияқты. Бұл оқиға Помпей тарихына ұқсас", – деді ол.
Ал мұсылман қорымында археологтар ислам дәстүріне сай жерленген ер мен әйелдің сүйектерін тапқан. Өлген адамдар басы қасиетті Қағбаға, Мекке қаратып жерленген. Бұл қалдықтар енді антропологиялық тұрғыда зерттеледі.
Оқи отырыңыз:
Садыр Жапаров Ыстықкөлді қоқыстан тазартып жүрген экобелсендіге көлік сыйлады
Алматыдан Ыстықкөлге қысқа жол: Қашан және кімнің қаржысына салынады