"ХҚКО" мобильді қосымшасында жаңа функция іске қосылды – енді қазақстандықтар өз мемлекеттік қызметтерінің мәртебесін үйден шықпай-ақ қадағалай алады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы 2025 жылғы 6 қарашада "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі хабарлады:
"Енді қызмет алушылар мемлекеттік қызметтерге берілген өтініштерінің мәртебесін нақты уақыт режимінде бақылай алады. Ол үшін қосымшадағы "ХҚКО қызметтері" немесе "Арнайы ХҚКО қызметтері" бөліміне кіріп, өтініш нөмірін енгізу жеткілікті. Бұл жаңалық азаматтарға өтініштердің орындалу барысын бақылауға, процестің ашықтығын қамтамасыз етуге және уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді".
Сонымен қатар, "Өтініштер тарихы" бөлімінде электрондық түбіртектерді қарау және сақтау функциясы іске асырылған. Бұл түбіртектер өтініштің қабылданғаны мен қызметтің көрсетілгенін растайтын ресми құжат болып табылады.
2025 жылғы 30 қазанда мемлекеттік корпорация өкілдері ерлі-зайыптылардың бірінің қатысуынсыз пәтерді қайта рәсімдеуге бола ма деген сұраққа да жауап берген болатын.