"Агрохолдинг – Жетісу" серіктестігі мал азықтық дақылдарды өсіру мақсатында 1 000 гектардан астам аумаққа жаңбырлатып суару жүйесін енгізуде.

Бұл жоба – жемшөп өндіруден бастап, сиыр етін терең өңдеу және дайын өнім шығаруға дейінгі толыққанды өндіріске бағытталған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Инвестициялық бағдарлама үш кезеңнен тұрады.

Алғашқы кезеңде агрохолдинг жоңышқа, дәндік жүгері, арпа және бидай өсіруді жоспарлап отыр.

Заманауи инфрақұрылым жолға қойылып, электр желілері мен су құбырлары тартылып, жалпы сыйымдылығы 147 мың текше метр болатын 4 жаңа су қоймасы салынуда. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылы аяқтау көзделген.

Жаңбырлатып суару жүйесін орнату жобасына салынған жалпы инвестиция көлемі 5,1 миллиард теңге.

"Суды үнемдеу технологияларын енгізуге жұмсалатын шығындардың бір бөлігін өтеуге мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Бұл кәсіп үшін айтарлықтай қолдау. Ірі қара малды бордақылау үшін сапалы жем-шөп қажет, сондықтан біз өз жемшөп қорымызды жасақтаудамыз. Жобаның келесі кезеңдерінде 5 000 басқа арналған бордақылау алаңын ашып, сиыр етін терең өңдеуді, яғни бөлшектеуден бастап дайын өнім шығаруды қолға алмақпыз", — деді шаруашылық өкілі Данияр Сәлімбаев.

Жоба толық іске асырылған соң, кәсіпорында автоматтандырылған басқару жүйесі енгізіліп, заманауи өндірістік цехтар, сондай-ақ дайын өнімді сақтау және тасымалдауға арналған тоңазытқыш пен логистикалық инфрақұрылым салынады.

Бүгінде Жетісу облысында суды үнемдеу технологиялары 36,1 мың гектар алқапта қолданылуда. Оның 14,1 мың гектары тамшылатып суару жүйесіне, ал 22,0 мың гектары жаңбырлатып суару жүйесіне тиесілі.