Биылғы жылдың өткен 10 айында көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері жолаушылар пойыздарында жасалған 620 құқық бұзушылықты анықтады.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, ең көп тіркелетін оқиғалар алкоголь өнімдерін шамадан тыс тұтыну салдарынан орын алған. Оның ішінде 581 жағдай – мас күйінде құқық бұзу, 17 жағдай – ұсақ бұзақылық, сондай-ақ өзге де заңбұзушылықтар болып тіркелген.
Мәселен, өткен тәулікте Маңғыстау облысына қарасты Бейнеу станциясында пойыз бастығының актісі бойынша көлік полицейлері 39 және 42 жастағы екі ер адамды жолаушылар пойызынан түсірді. Тексеру барысында олардың алкогольдік мас күйде болғаны анықталды. Екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ал олардың бірі бұрын да осындай құқық бұзушылық жасағаны белгілі болды. Енді оған қайталанған әрекеті үшін 5 тәулікке дейін әкімшілік қамау түріндегі жаза қолданылуы мүмкін.
Ұқсас жағдайлар Қызылорда облысындағы Жосалы станциясында және Жетісу облысындағы Үштөбе станциясында да тіркелді.
Түнгі уақытта тыныштықты бұзып, шу көтерген мас жолаушылар қоғамдық тәртіпті бұзғаны және алкоголь ішу фактісі бойынша жауапқа тартылды.
Полиция азаматтарға сапар кезінде өзге жолаушыларға құрметпен қарауға, қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырады. Сондай-ақ алкогольді шамадан тыс тұтыну адамның өзіне де, қоғамға да қауіп төндіретінін еске салады.