Қазақстанның тағы 10 жоғары оқу орны Азияның ең үздік университтері рейтингіне енді, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылғы 4 қарашада QS Quacquarelli Symonds жоғары білім беру саласындағы халықаралық талдау агенттігі QS Asia University Rankings 2026 – Азияның ең үздік университеттері рейтингінің 2026 жылғы тізімін жариялаған.

Бұл аймақтық рейтинг Шығыс, Оңтүстік-Шығыс, Оңтүстік және Орталық Азия өңірлеріндегі университеттердің жетістіктерін сараптайды. Биылғы рейтинг – өзінің тарихындағы ең ауқымды рейтинг болып отыр, оған 25 елден 1529 университет енген, оның ішінде 554 жоғары оқу орны алғаш рет тізімге кірген.

Орталық Азия елдері арасында Қазақстан QS Asia University Rankings рейтингінде қатысу аясын айтарлықтай кеңейткен – 112 университеттің ішінде 44 қазақстандық ЖОО енген. Салыстыру үшін: Өзбекстаннан – 22 университет (204-тен), Қырғызстаннан – 6 университет (61-ден), Тәжікстаннан 1 университет (27-ден) енген.

Биыл рейтингке енген 10 жаңа қазақстандық университет:

  1. Назарбаев университеті – 201 орын;
  2. Алматы Менеджмент университеті – 741-750 орындар;
  3. Мұхамеджан Тынышбаев атындағы ALT университеті – 1001-1100 орындар;
  4. Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті – 1101-1200 орындар;
  5. Alikhan Bokeikhan University – 1201-1300 орындар;
  6. Каспий университеті – 1201-1300 орындар;
  7. Рудный индустриялық институты – 1301-1400 орындар;
  8. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті – 1301-1400 орындар;
  9. Astana International University – 1401-1500 орындар;
  10. Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті – 1401-1500 орындар.

"Қазақстандық университеттер академиялық бедел, оқыту сапасы, халықаралық ынтымақтастық және түлектердің еңбек нарығындағы сұранысы сияқты рейтингтің негізгі көрсеткіштері бойынша аймақтағы үздік нәтижелердің бірін көрсетіп жатыр", — делінген хабарламада.

Сонымен қатар министрлік Қазақстан – Орталық Азия елдері ішінде Азияның ең үздік топ-100 университетіне кірген жалғыз мемлекет екенін еске салды. Бұл рейтингте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – 38, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – 61, Satbayev University 79-орында тұр.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз