Қазақстан Алатау қаласында әуе таксиі қызметін іске қосу үшін америкалық компаниядан 300 млн долларға электрлі ұшақтарды сатып алуды көздеп отыр. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, бұл тігінен ұшып-қонатын инновациялық ұшу аппараттары Қазақстандағы алғашқы қалалық әуе мобильділігі (Urban Air Mobility) жобасының негізі болмақ.
Жоба аясында сертификаттау және демонстрациялық ұшуларға арналған сынақ алаңын құру, сондай-ақ Алатау мен Алматы қалаларының көлік желісіне әуе таксиді интеграциялау жоспарланып отыр.
"Қазақстан инновациялық көліктің болашағына қадам басуда. Электрлі ұшақтарды сатып алу – смарт қалалар мен заманауи технологияларды енгізу бағытындағы маңызды кезең.
Бұл шара Алатау қаласын болашақтың жоғары технологиялы, бірегей қала ретінде дамытуға серпін береді", — деді премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз