Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №77 мекемесі – тергеу изоляторының қызметкерлері тыйым салынған затты заңсыз жеткізу әрекетін дер кезінде анықтап, оның жолын кесті.
Сәлем-сауқатты тексеру барысында қызметкерлер печенье салынған пакет ішінен ұялы телефон табылды.
Белгілі болғандай, бұл сәлем-сауқатты тергеу изоляторында қамауда отырған азаматтың туысы әкелген. Ол осылайша тыйым салынған затты мекеме аумағына заңсыз енгізуге әрекет жасаған.
Қызметкерлердің қырағылығы мен жедел іс-әрекетінің арқасында заңсыз әрекет дер кезінде әшкереленіп, тыйым салынған заттың мекеме аумағына өтіп кетуіне жол берілмеді.
Аталған дерек бойынша материалдар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы (Қылмыстық-атқару жүйесінің және арнаулы мекемелердің ұсталатын тұлғаларына тыйым салынған заттарды, бұйымдар мен нәрселерді беру) бойынша сотқа жолданды.
Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға, сондай-ақ қамаудағы тұлғаларға тыйым салынған заттарды жеткізуге жол бермеуге шақырады.