Қаржылық алаяқтықтан қорғану үшін қарыздарды ресімдеуден ерікті түрде бас тарту қызметі қолданылады.

Әрбір азамат банктік кредиттер мен микрокредиттер алуға тыйым салу қоя алады. «Стоп-кредит» деп аталатын қызмет порталда және E-gov мобильді қосымшасында қолжетімді.

Қызметті компьютерден іске қосу үшін egov.kz сайтында жеке кабинетке кіріп, «Сервистер» бөлімін ашып, «Банктік қарыздар, микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тартуды» таңдап, электрондық нысанды толтырып, өтінішке ЭЦҚ-мен қол қою қажет, нәтижесі «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде көрсетіледі.

Қызметті сондай-ақ E-gov мобильді қосымшасы арқылы пайдалануға болады. Ол үшін «Қызметтер» бөлімінде «Салықтар мен қаржы» таңдау керек, содан кейін «Кредит алудан ерікті түрде бас тарту» қызметін таңдау қажет. Осыдан кейін деректерді толтырып, сұранысты электронды түрде растау қажет.

Қызметті іске қосқаннан кейін кредиттік тарихта қарыз алудан бас тарту туралы белгі пайда болады. Кредиттік бюроларға жүгінетін банктер мен микроқаржы ұйымдарына бұл ақпарат қолжетімді болады. Кредит алуға өтінім түскен жағдайда қаржы ұйымдары оны беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды. Егер белгіленген тыйым салуға қарамастан, қарыз сіздің келісіміңізсіз ресімделетін болса, онда ол есептен шығаруға жатады.

Қажет болған жағдайда қызметті кез келген уақытта жоюға болады. Бұл ретте, мұндай шектеу қарыз алушыларды тексеру үшін кредиттік бюроларды пайдаланбайтын ломбардтар мен басқа ұйымдарға қолданылмайтынын айта кету керек.