Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары аясында Вашингтонда халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы мен OpenAI, Inc. компаниясы ChatGPT-дің қазақ тіліндегі қызмет сапасын арттыру және оны терең дамыту бағытында бірлесе жұмыс істеуге келісті, деп хабарлайды Zakon.kz.
OpenAI компаниясының білім беру және мемлекеттік бағдарламалар жөніндегі жетекшісі Кевин Миллс пен Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қазақ тілінде жасанды интеллектінің дәл және сапалы жұмыс істеу әлеуетін арттыруға бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асыру жайын талқылады.
Негізгі міндет – қазақ тіліндегі деректер қорын көбейту, тілдік модельдердің дәлдігін жетілдіру және жүйені ұлттық мәдениет, әдебиет пен тарихқа қатысты мазмұнмен байыту.
Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы білім беру саласын қолдау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Келісім нәтижесінде мұғалімдерге қазақ тіліндегі оқу бағдарламалары мен сабақ жоспарлары, дәрістер және әдістемелік материалдарды жасанды интеллект құралдарының көмегімен әзірлеуге жаңа мүмкіндіктер ашылады.
Бұл серіктестік – қазақ тілін заманауи технологиялар кеңістігінде дамытуға және жаһандық цифрлық экожүйеде оның орнын айқындайтын маңызды қадам.
Айта кетсек, OpenAI, Inc. – жасанды интеллект технологияларын зерттеу және дамытумен айналысатын америкалық компания. Миссиясы — жасанды интеллект игілігін бүкіл адамзатқа тиімді жеткізу.
Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы 1989 жылы 22 қыркүйекте құрылған. Ол қазақ тілін дамытуға ынталы тіл жанашырларын біріктіретін Қазақстандағы ең ірі қоғамдық ұйым. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қолданыс аясын кеңейту, беделін арттыру, қазақ мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын насихаттау, тілді қолдану мен оны үйретуде жаңа технологиялық әдістерді пайдалану бағыттарында қызмет атқарады.