Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі еліміздің Авраам келісімдеріне қосылуына байланысты маңызды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы бүгін, 7 қарашада ведомство баспасөз қызметі ақпарат таратты:
"Бұл маңызды шешім тек Қазақстан мүддесі үшін қабылданды және республиканың теңгерімді, сындарлы, бейбіт сыртқы саясатының сипатына толық сәйкес келеді. Авраам келісімдеріне қосылу еліміздің барлық мүдделі мемлекеттермен ынтымақтастығын нығайтуға ықпал етеді, яғни Қазақстанның стратегиялық мақсаттарына толықтай сай".
Сондай-ақ СІМ мәлімдемесінде былай делінеді:
"Қазақстан әрдайым Таяу Шығыстағы қақтығыстың халықаралық құқық нормаларына, БҰҰ тиісті қарарларына және "екі халық үшін екі мемлекет" қағидаты негізінде әділ, жан-жақты әрі орнықты реттелуін қолдайды".
Айта кетейік, Авраам келісімі немесе Ибраһим келісімі, бұл — Израиль мен араб елдері арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға арналған келіссөздер. Бейбіт келісім 2020 жылдың күзінде Израиль, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн және Марокко арасында жасалды. Бұл бастаманың жүзеге асуына Трамп әкімшілігі күш салды (2017-2021).