«Wise Invest Consulting» крипто компаниясының басшысы Темірлан Нұрахимовтің жауабы:
– Криптовалютамен айналыспас бұрын ең бірінші қадам – білім алу. Себебі криптонарық басқа қаржы құралдарына ұқсамайды. Бұл жерде эмоциямен емес, ақылмен әрекет ету керек. Криптовалюта, блокчейн, токен, әмиян деген ұғымдарды анық түсінбей ақша салу сан соқтыруы мүмкін. Нарықтың логикасын, мүмкіндігін, тәуекелін білмей, дұрыс шешім қабылдау – ақылға сыймайтын түсінік. Ал білім алған адам өзін сенімді сезінеді әрі алаяқтарға алданбайды.
Екіншіден, әрдайым ресми, лицензиясы бар платформаларды таңдауға кеңес беремін. Елімізде криптоактивтермен заңды түрде тек Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) лицензиясы бар биржалар арқылы сауда жасауға болады. Себебі рұқсатсыз сайттар мен әлсіз сервистерде тәуекел жоғары. Ұзақ мерзімге инвестиция жасайтын адамға жеке әмиян қолдануды жөн көремін. Ал қысқамерзімдік операцияларға биржа әмияны да жарайды. Әмиянның құпия сөздерін және қалпына келтіру сөздерін ешкімге беруге болмайды.
Үшіншіден, криптоға ақша сала бастағанда бірден көп қаржы салудың қажеті жоқ. Мен әрқашан адамдарға аз сомамен бастауға кеңес беремін. Мысалы, 20 немесе 50 доллармен бастап көруге болады. Осылайша адам нарықтың қалай жұмыс істейтінін өз көзімен көріп, алғашқы тәжірибесін жинайды. Жүйені түсінген сайын стратегия қалыптасады. Ең бастысы, эмоцияға берілмеу. Көпшілік криптоны жылдам пайда алатын құрал деп ойлайды, бірақ шындығында бұл ұзақ ойлануды, сабырды, талдауды талап етеді.
Төртіншіден, қаупсіздік мәселесін де ұмытпау керек. Әрқашан екі факторлы қорғауды қосу қажет. Сонымен қатар интернетте кездесетін күмәнді ұсыныстардан сақ болған жөн. «Тез байып кетесің», «жобаға қатыссаң ақшаң өседі» деген сөздерге сенбеу керек. Крипто әлемінде алаяқтар өте көп. Сондықтан тек сенімді ақпаратқа жүгінген жөн. Егер сіз ресми платформа арқылы табыс тапсаңыз, салық төлеу міндетті екенін де есте ұстаған жөн.
Бұл салаға қызығып жүрсеңіз, әуелі осы қарапайым сатылардан өте беріңіз. Қазірден бастаған дұрыс. Себебі еліміз криптовалюта саласында аймақтық орталыққа айналады. Бірақ тек реттелетін, заңға бағынатын, мемлекеттік бақылау аясында жұмыс істейтін экожүйе арқылы ғана іске асады. Біз еркін криптонарық құруға тырысып жатқан жоқпыз. Біздің бағытымыз тұрақты, қауіпсіз қаржы кеңістігін жасауға бағытталған. Кейінгі жылдары мемлекет криптоиндустрияны заңдастыру мен бақылауды күшейту бойынша нақты қадам жасап келеді. АХҚО базасында реттелген алаң жұмыс істейді. Ұлттық Банк цифрлық активтер мен токенизация жобаларын сынақтан өткізіп жатыр. Бұл шетелдік капиталды, технология мен мамандарды тартуға мүмкіндік береді.
Жалпы, елімізде криптовалютамен төлем жасау бірден емес, біртіндеп жүзеге асады. Ұзақ үдеріс. Бүгінде QR арқылы криптовалютамен төлем жасау бойынша алғашқы пилоттар өтті. Бұл технология тұрғысынан дайын екенімізді көрсетті. Бірақ заң жүзінде тек арнайы рұқсат етілген аймақтарда ғана қолдануға мүмкіндік бар. Халықтың крипто туралы хабары әлі де аз. Сондықтан жаппай қолдану үшін бірнеше шарт қажет. Біріншіден, стейблкоин тұрақты болуы керек. Екіншіден, крипто мен теңге арасында ыңғайлы және жылдам конвертация мүмкіндігі қажет. Үшіншіден, банктер мен бизнес тарапынан қолдау болса ғана жүйе толық іске асады.
Бүгінде ең үлкен тәуекел бағаның құбылмалылығы емес. Ең басты қауіп реттеушілік талаптардың өзгеруі және сенімсіз платформалар. Кейінгі уақытта заңсыз криптобиржалар мен рұқсатсыз P2P алаңдар жабылып жатыр. Қаражаттары бұғатталған кей азаматтар бар. Бұл бізге тек заңды, лицензиясы бар платформалармен жұмыс істеу керектігін көрсетеді. Сондай-ақ майнингке қатысты талаптар, электр энергиясы бағасы және салық нормалары жиі өзгерді. Бұл да нарыққа әсер етеді. Сондықтан кез келген инвестор бірінші кезекте қауіпсіз инфрақұрылымға назар аударуы керек.
Қорытындыласақ, крипто саласына қызығатын отандастарымызға әрдайым бір кеңес беремін. Тек заңды алаңда жұмыс істеңіз. Ақшаны белгісіз платформаларға сеніп бермеңіз. Қаржылық шешімді эмоциямен емес, ақпаратқа сүйеніп қабылдаңыз.