Өскеменнің іргесіндегі Глубокое кентінде тұратын Төлеухан әулеті шетінен мерген. Сонау Кореяда өткен дәстүрлі садақ атудан Әлем кубогінде Қазақстан намысын қорғаған Аяш Қабдоллаева жамбы атудан бірінші орынды иеленсе, оның келіні пұт нысанасы бойынша Ажар Төлеуханова үшінші орын тұғырынан көрінді.
Шығыста ең алғаш садақ ату дәстүрін қайта жаңғыртқан – осы Ажар Төлеуханова. Ол Глубокое кентінде мергендер мектебін ашып, шәкірт тәрбиелеуді қолға алған. Ә дегенде-ақ адырна тартуға қызыққандар көп болды. Мектеп оқушылары қызығып қана қоймай, республикалық жарыстарда жүлдеден жүлде қоймады. Кейін Ажар өзі келін болып түскен үй ішін де садақ атуға баулыған. Қазір облыстағы кіл мергендер осы әулеттен шығады. Бұл сөзімізді күні кеше садақты сәнге тартатын сақ ханшайымдарының бүгінгі бейнесіндей арулар тағы бір мәрте дәлелдеді. Тіпті сонау түкпірдегі түбекте өткен додада қазақтың қыздары 535 спортшы қатысқан сыннан суырылып алға шықты. Жүлдегерлер елге келісімен жанкүйерлері аяқтарын жерге тигізбей күтіп алды. Мұндай қошеметке ие болған жүлдегерлер де ризашылықтарын білдіріп жатты.
– Бұл жарыс біз үшін оңай бола қоймады. 32 елден мергендердің мергені келіп бақ сынады. Қазақстан құрамасынан 34 садақшы ел намысын қорғады. Осындай жарыста жеңіп шығамын деп ойламадым. Мені қолдаған жерлестеріме, отбасыма, күтіп алып жатқан жанкүйерлерге көп рахмет. Ал садақ тартуға қызықтырған келінім Ажарға мың алғыс, – деді жеңімпазымыз Аяш Қабдоллаева.
Айта кетейік, Аяш Қабдоллаева көп жыл Глубокое кентіндегі Оралхан Бөкей атындағы орта мектепте ұстаздық етеді. Ұстаздық ете жүріп, мергендік өнерді бертін меңгерді. Соның өзінде биік белестерді бағындырып жүр. Иә, садақ тарту жас талғамайды. Кең ғимарат болса – болғаны. Ажар ашқан мергендер мектебі мұнымен тоқтап қалмақ емес. Жүлде қоржыны әлі талай алтын мен күміске толары анық.
Шығыс Қазақстан облысы