Тәртіп сақшылары кезекті бұзақыларды анықтап, оларға шара қолданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Елордада вандализм мен қоғамдық тәртіпті бұзудың кез келген жағдайына қарсы жүйелі күрес жүргізіліп келеді.
Оқиға көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған. 38 жастағы ер адам лифтінің есігін теуіп сындырып, шахтаға құлап кеткен. Соның салдарынан лифт апатты жағдайда тоқтап, кабина ішінде 31 жастағы ер адам қалып қойған.
Құтқарушылар екі азаматты да шығарып алды, оларға дәрігерлер қажетті көмек көрсетті.
Тәртіп бұзушының жеке басы анықталып, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы ("Ұсақ бұзақылық") бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сот шешімімен ол 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
– Тағы бір жағдайда полицейлер 51 жастағы ер адамды ұстады. Ол Абылай хан көшесіндегі тұрғын үй жанында орналасқан полиция бекетінің терезесін әдейі сындырған. Ол ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 147-1-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – делінген ақпаратта.
Іс материалы Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды.
– Полиция департаменті қала тұрғындарын қоғамдық тәртіпті сақтауға және құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады. Әрбір азаматтың жауапкершілігі – ортақ қауіпсіздіктің кепілі, – деп қосты әкімдік сайты.