Тараз қаласында 39 жастағы ер адамның көз жұмғаны туралы хабарлама әлеуметтік желіде кеңінен тарады .

Қазір аталған факт бойынша тергеу амалдары басталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Туыстарының сөзінше, науқастың өліміне дәрігерлердің ауруханаға жату үшін ақша талап еткені себеп болған.

Аурухана қызметкерлері алдымен науқасқа орын жоқ екенін айтып, госпитализациядан бас тартқан, кейін тек ақылы тексеруден кейін қабылдаған. Алайда ауруханаға түскеннен кейін оның жағдайы күрт нашарлаған.

– Аутопсия кезінде өкпеден шамамен 1,5 литр сұйықтық табылды, ал дәрігерлер бастапқыда аз ғана мөлшерде екенін айтқан еді. Тергеу шамамен бір жылға созылып келеді, – делінген жазбада.

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқас Тараз қалалық көпсалалы ауруханасына "ауыр дәрежелі қоғамдастықтан тыс пневмония" диагнозымен түскен.

– Науқас үйде 10 күннен астам ауырып, ем қабылдамаған. Туыстары мен электронды денсаулық паспорты деректері бойынша ұзақ уақыт бойы алкогольді ішімдік қолданған, соңғы 10 күнде де ішімдік ішкен, – деп мәлімдеді ведомство.

– Тергеу мерзімі 2 айды құрайды, қажет болған жағдайда прокуратураның келісімімен үш-төрт айға ұзартылуы мүмкін. Дәрігерге қатысты сараптамалар тағайындалды, қосымша сот-медициналық комиссия өткізу жоспарланып отыр, – деп хабарлады Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Байжан Байгелді.