Эр-Риядтағы жарыста Қазақстан құрамасының намысын 100-ден астам спортшы қорғауда.
Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтіп жатқан VI Ислам Ынтымақтастығы ойындарында Қазақстан қоржынына жүзуден қос алтын медаль түсті.
Ерлер арасында 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде Ұлттық құрама көшбасшысы Әділбек Мусин алтыннан алқа тақса, тағы бір отандасымыз Максим Сказобцов күміс жүлдегер атанды. Жеңімпаздың уақыт көрсеткіші — 23.85 секунд. Максимнің нәтижесі 23.87 секунд.
Сондай-ақ Софья Сподаренко Эр-Риядтағы Ислам ынтымақтастығы ойындарында 50 м баттерфляй финалында жеңіске жетті. Ол қашықтықты 26.99 секундта жүзіп, алтын алды. Күміс Мысыр спортшысы Фарида Османда (27.04), қола Сенегалдан келген Оуми Диоптаға (27.31) бұйырды.
Ал, Айбат Мырзамұратов қолаға ие болды. Ерлер арасында 200 метрге кешенді әдіспен жүзуде Айбат Мырзамұратов мәреге 3-ші болып келді. Оның уақыт көрсеткіші — 2.05.07 секунд. Бұдан бөлек ол 100 метрге брас әдісі бойынша жүзуде тағы бір қолаға қол жеткізді.
Қазір Қазақстан қоржынында жүзуден 2 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль бар.