Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді.

Словакияның батысында екі жолаушылар пойызы соқтығысып, 11 адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.

Басылымның жазуынша, апат салдарынан 11 адам ауруханаға түсті. Қалған зардап шеккендер жеңіл жарақат алған. Оқиға Братиславадан солтүстікке қарай шамамен 20 шақырым жерде, Свети-Юр мен Пезинок қалаларының арасында болған. Кошице қаласынан Братиславаға қарай бағыт алған Tatran 620 пойызы Нитрадан ел астанасына бара жатқан REX1814 пойызымен соқтығысқан. Екі пойызда 800-ге жуық жолаушы отырған.

Полицияның хабарлауынша, пойыздар бетпе-бет соқтығыспаған, сол сияқты рельстен шықпаған. Reuters агенттігінің мәліметінше, пойыздың бірі екіншісінің артқы бөлігіне соғылған.

Словакия президенті Петер Пеллегрини апатқа байланысты пікір білдіріп, зардап шеккендердің тез сауығып кетуін тіледі. Сондай-ақ, құтқару қызметтеріне атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді.