Елде көлік бағасы арзандауы мүмкін.
Темір тұлпар құнының төмендеуіне келесі айдан бастап іске қосылатын автолизинг әсер етеді дейді мамандар. Бағдарлама арқылы тек жаңа көлік сатып алуға болады. Бастысы — алғашқы жарнаны төлеудің қажеті жоқ. Сонымен, автолизинг арқылы су жаңа көлікті кімдер міне алады? Ай сайынғы төлем қанша болмақ?
Лизингтің автонесиеден айырмашылығы көлікті алғашқы жарнасыз әрі несиесіз ұзақ мерзімге жалға аласыз. Келісімшарт мерзімі аяқталғанда темір тұлпарды қайта өткізуге немесе қалған берешегіңізді өтеу арқылы сатып алуға болады.
Депуаттардың дерегінше, бағдарламада бағасы 15 млн теңгеден аспайтын эконом класстағы көліктер ұсынылады. Басты талап – ай сайынғы төлем 200 мың теңгеден, ал лизинг берушінің алатын сыйақысы машина құнының 46 пайызынан аспауы тиіс.
Мәселен, құны 10 млн теңге тұратын темір тұлпарды 5 жылға жалға алдыңыз. Ай сайынғы төлем 200 мың теңге десек, 5 жылда 12 млн теңге төлейсіз. Көлікке сыйақы мен айыпақының жылдық мөлшері 46 процентті қосыңыз. Яғни келісім-шарт мерзімі біткеннен кейін тағы 2 млн 600 мың теңге төлейсіз. Осылайша 10 млн теңге тұратын машинаның құны 14,6 млн теңгеге дейін өседі. Ескеретіні, толықтай сатып алмайынша көлік компанияға тиесілі болады.
Әзірше бұл қолда бар ақпар бойынша ұсынылған болжам ғана. Мәжілісмендер жеке тұлғаларға арналған бұрын-соңды болмаған бағдарламаға бастапқыда міндетті түрде мемлекеттік қолдау қажеттігін айтады. Ал лизингті екінші деңгейлі банктер емес, компаниялар іске асыруы керек.
Олжас Құспеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл жерге екінші деңгейлі банктерді кіргізбеу керек. Егер екінші деңгейлі банктерді кіргізетін болсақ, ол тура автокредит болады ертең. Соның барлық адамды қанайтын пайыздары бірге кіріп кетеді. Сондықтан бұл жерде бөлек бір компаниялар құрылу керек.
Автолизинг арқылы су жаңа машина мінуге дәмелі жұрт көп. Себебі қазір халық арасында жеңілдетілген автонесиеден басқа таңдау жоқ.
- Лизингтің енгізіліп жатқаны халыққа мүмкін қандай да бір жеңілдетілген таңдау шығар деп ойлаймын. Өйткені көп адамда қазір мүмкіндік жоқ салоннан су жаңа көлік алуға.
- Популярный машиналардан Кобальтты алайықшы. Соны 7 млн-ға алып, 12-13-14 млн қылып қайтарып жатыр. 1+1 деген сөз ғой. Ол сұмдық нәрсе. Егер де лизингтің халыққа пайдасы тиетін болса, онда ешқандай қарсылығым жоқ. Дұрыс деп ойлаймын. Ал егер автокредиттен жақсы болса тіпті жақсы деп ойлаймын.
- Автонесиеге қарағанда кішкене тиімді. 5 жылдай төлейсің, енді алған компанияға байланысты ғой лизинг . Қай компания, банктің компаниясы болса если ол, банктің процентімен береді. Ал енді жеке компания болса, кішкене халыққа тиімдірек деп ойлаймын.
Жаңа бағдарламаның өз ерекшеліктері бар. Ай сайынғы төлем екі есептік кезеңнен кешіктірілсе, келісім шарт бұзылып, компания көлікті қайтарып алуға құқылы. Ал лизингке қатысу үшін зейнетақы қоры маңызды емес. Тек несие тарихы мен жалақы мөлшерінің жеткілікті болуы шарт.
Артур Мискарян, автокөлік нарығын бақылау және талдау агенттігінің бас директоры:
- Лизингтің артықшылықтары өте көп. Мәселен, жалға алу мерзімі аяқталмаса да тұтынушы көлігін кері қайтарып, келісім-шартты тоқтата алады. Мейлі ол басқа машина мінгісі келсін, не болмаса қандай да бір қаржылық қиындыққа тап болды делік. Ал бізде бұрыннан қолданыста келе жатқан автонесиелерде мұндай мүмкіндік қарастырылмаған.
Автолизинг әлемде кеңінен тараған. Мәселен, АҚШ халқының 3/1-і осы бағдарлама арқылы көлік тізгіндеп жүр. Ал бізде бұған дейін лизинг тек ауылшаруашылығы техникаcына берілген болатын. Сондықтан 1 желтоқсаннан бастап күшіне енетін бағдарлама отандық автонарыққа өзгеріс әкелуі әбден мүмкін.