Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Алматыдағы өрт оқиғасына қатысты мәлімдеме жасады.
Алматы қаласында өртенген "Перзент" балалар үйіндегі жағдайға байланысты Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ресми түсініктеме берді.
Ведомство мәліметінше, аталған балалар үйі жеке қайырымдылық ұйымына тиесілі. Қазір мұнда 35 бала тәрбиеленіп жатыр. Барлық тәрбиеленуші мен қызметкерлер қауіпсіз жерге көшірілген, олардың жағдайы жақсы.
"Оқиға орнында жедел штаб құрылып, жағдайды үйлестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Штаб құрамына қала әкімдігі, қорғаншылық органдары, Отбасыны қолдау орталығы, Психологиялық көмек орталығы, сондай-ақ қоғамдық кеңес пен ҮЕҰ өкілдері кірді. Дәрігерлер балаларды толық тексеруден өткізіп, психологиялық көмек көрсетті. Қазіргі таңда балалар қашықтан оқып жатыр. Оларды одан әрі орналастыру мәселесі қарастырылып жатыр", – делінген комитет хабарламасында.
Министрлік өкілдері оқиға салдарын толық жою және балалардың құқықтарын қорғау шаралары толық орындалғанға дейін жағдайды бақылауда ұстайтынын атап өтті.
Оқи отырыңыз: Алматыдағы "Перзент" балалар үйіндегі өрт: Балаларға қолдау көрсетіліп жатыр