Атырау МӨЗ сұйытылған мұнай газы өндірісін қайта бастады, деп хабарлайды Энергетика министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ведомствоның мәліметінше, "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС жоспарлы жөндеу жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтаған, қазіргі уақытта барлық технологиялық қондырғы штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

"Мұнайды бастапқы және екінші қайта өңдеуге арналған негізгі және қосалқы қондырғылар кестеден ерте іске қосылды.

Зауыт тұрақты жұмыс істеп, өндірістік бағдарламаға сәйкес өнім шығаруды қамтамасыз етіп жатыр.

6-7 қарашада Атырау МӨЗ тәулігіне 16,8 мың тонна мұнай өңдеп, жобалық қуаттың 100 пайызына жетті. Осы кезеңде 10 мың тоннадан астам сұйытылған газ, АИ-92 маркалы бензин, маусымаралық және қысқы дизель отыны өндіріліп, жөнелтілді", — делінген хабарламада.

Министрліктің дерегінше, сұйытылған мұнай газының тәуліктік өндірісі шамамен 700 тоннаны құрайды.

"Елдегі сұйытылған газдың 11 пайызын өндіретін зауыттың қайта іске қосылуы ішкі нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді. Қосымша өндірілген отын көлемдері жоспарға сәйкес өңірлерге жөнелтіліп, ағымдағы қажеттілікті толық қамтамасыз етеді.

Мұнай өнімдері өндірісін арттыру және өңірлердегі қорларды толықтыру жұмыстары жалғасып жатыр. Өңірлерді сұйытылған газ бен бензинмен қамтамасыз ету процесі Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауында", — делінген хабарламада.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз