Жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жүргізушілердің тәртібін арттыру мақсатында Павлодар облысында республикалық "Тасымалдаушы" жедел алдын алу іс-шарасы өтуде.

Облыс орталығында полиция қызметкерлері жол жағдайын бақылау және жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін дрондарды пайдалануда.

Қала көшелерін жоғарыдан бақылай отырып, жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін тіркейді. Дронның көмегімен қарсы бағытқа шығу, маневр жасау ережелерін бұзу және жаяу жүргіншіге жол бермеу сияқты құқық бұзушылықтар анықталып жатыр.

Әрбір анықталған факті бойынша полиция жедел шаралар қабылдайды. Мұндай тәсіл өзінің жоғары тиімділігін көрсетіп үлгерді. Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және ортақ қауіпсіздік үшін жауапкершілік танытуға шақырады.

"Кезекті рейд такси жүргізушілерінің арасындағы құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталды. Теміржол вокзалы аумағында такси жүргізушілері тоқтауға тыйым салынған жерге көліктерін тұраққа қояды", — деп хабарлады Павлодар қаласы полиция басқармасы әкімшілік полиция бастығы Нұрлан Қарағожинов.

Рейд нәтижесінде жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілер тоқтатылып, әрқайсысына тиісті шаралар қабылданды.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, заманауи технологияларды, соның ішінде дрон арқылы бейнебақылауды қолдану жол қозғалысын бақылаудың тиімділігін айтарлықтай арттырып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.