Жарақатының ауырлығына байланысты өзгеріс бірден байқалмай отыр.

Түркияда ем алған Ұлттық ұлан сарбазы Ербаян Мұхтар Қазақстанға оралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ербаян Мұхтар Түркияда емнің келесі кезеңін аяқтап, Астанаға аман-есен оралды. Қазіргі жағдайы тұрақты. Дәрігерлер ем толық әсер етуі үшін кемінде 3 ай уақыт қажет екенін айтты. Сол себепті үш айдан кейін Ербаян қайтадан Стамбулға барып, емнің реабилитациялық бөлігін жалғастырады. Ербаянның ата-анасы және заңды өкілі ретінде барлық қолдау білдірген жандарға алғыс айтамыз", – деп жазды Инга Иманбай Facebook-тағы парақшасында.

Заңгердің сөзінше, екі рет шетелде ем алу – үлкен еңбек пен жанашырлықтың нәтижесі.

"Алайда жарақатының ауырлығына байланысты өзгеріс бірден байқалмай отыр. Бұл – дәрігерлер күтетін де, біз түсінетін де процесс. Соған қарамастан, Ербаян өзіне лайықты өмір сүру үшін күресіп жатыр. Оған осы жолда сіздердің қолдауларыңыз күш беріп келеді", – деді Инга Иманбай.

Айта кету керек, бұған дейін әскерде жарақат алған Ербаян емделу үшін Ыстанбұлға ұшқанын жазғанбыз.