Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жатықтырушысы Мырзағали Айтжанов спорттағы саясат пен өзбек боксшыларының артықшылығы туралы мәлімдеме жасады. Бұл туралы ол “Ашық аспан астында” бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпрат порталы.
Екі мәрте Қазақстан Республикасының бокстан ұлттық құрама командасының бас бапкері қызметін атқарған жаттықтырушы спортшыларды әлемдік додаларда жан-жақты қорғау керегін айтты.
”Саясат спортқа қазір кірген жоқ. Мен 10 жасымда 1980 жылғы олимпиаданы көрдім. Сол кездің өзінде барлық спорт түрінен саясатты байқайтын едік. Өзім 10 жасар бала болсам да аталарымыздың, әкелеріміздің жанкүйер болып, “мынау дұрыс болмады ғой” дегендерін еститінбіз. Бұл саясат бола береді. Одан қорықпай, білекті түріп алып кірісу керек. Қазақ қай сала болсын бәріне “күш атасын танымайды” деген жақсы мақал айтып кеткен. “Өз-өзіңе мықты бол, көршіңді ұры тұтпа” деген де мақал бар. Біз тек ғана спортшылар мықты болсын демей, оларды, бапкерлерін қорғау керек. Сонда жеңістер ұрланбайды. Қаншама үлкен жарыстарды, ондағы кейбір әділетсіздіктерді көрдік. Бірақ, жылау, шағымдану деген біздің мінезімізде, қасиетімізде жоқ. Жеңіс кетіп қалмау үшін жан-жақты қорғау керек”, — дейді ол.
Сондай-ақ Мырзағали Айтжанов кейінгі жылдары өзбекстандық боксшылардың көрсетіп жүрген нәтижесіне қатысты да пікір білдірді.
“Өзбекстан — Орта Азиядағы басты қарсыластардың бірі. Олардың бірінші кезекте саны көп, екіншіден, еңбекқор. Еңбекқорлық — үлкен жетістіктерге жеткізеді. Айла, тәсіл, шеберлік дегендер уақытпен келе береді. Менен өзбекстандық боксшылардың жетістігі туралы көп сұрайды. Мен жалпы қазақ халқына үндеу жасағым келеді. Әрбір үй, шаңырақ менің немесе сіздің қолыңызда немесе министрдің қолында емес. Өзбекстанның алдына шығу бір адамға байланысты емес. Ел болып, халық болып жұмылу керек. Әуелі әр адам өз отбасынан бастау керек. Қазіргі таңда олардан алатын нәрсе көп болып тұр. Біз қалаға әуес болып кеттік. Бәрі қалаға қашады, көшеді. Ауылда тұрғысы келмейді. Бірақ қазақтың түбі ауылда ғой. Қазақтың қандай ұлы, зиялы, батыр тұлғасын айтсаң да бәрі ауылдан шыққан ғой. Мен өзбектерден шыққан әлем чемпиондарын зерттеп, сұрастырып жүремін. Олардың бәрі кетпен, күрек ұстап, қара жұмыс істеп жүрген жігіттер. Біздің шәкірттеріміз ренжісе де айту керек, олар жалқау болып жүр. Кетпен, күрек ұстауға намыстанады. Біреуге ақы төлеп жұмыс істетеді. Осы жерден осыл болып тұрмыз. Кетпен, күрек ұстамаған жігіттен спортшы шығады?! Өзіңіз ойлаңызшы. Қазақ “еңбек бәрін жеңбек” деген ғой. Еңбектенбеген адамнан не үміт, не қайыр?!
Екінші мәселе — тәртіп. Бауыржан атамыз “тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды” деп айтып кетті”, — дейді ол.