Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы 10 қарашада Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ақорданың хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаевқа ведомствоның 2025 жылғы тоғыз айдағы қызметінің есебі және 2026 жылға арналған жоспары таныстырылды.
Әлихан Смайылов мемлекеттік аудиторлар жалпы құны 32 триллион теңге болатын 18 ірі тексеру жүргізгенін айтты. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,8 триллион теңгеге көп.
Президентке мемлекет пайдасына 112 миллиард теңге өндірілгені туралы мәлімет берілді. Анықталған кемшіліктерді жою үшін Үкіметке және аудит нысандарына 96 ұсыным мен 800-ге жуық орындалуға міндетті нұсқама жіберілді. Аудит қорытындысы бойынша 42 материал құқық қорғау органдарына жолданды.
Әлихан Смайылов Жоғары аудиторлық палатаның қызметін цифрландыру шеңберінде аудиторлық жұмыстың барлық кезеңін автоматтандыратын ақпараттық жүйе енгізілгенін жеткізді.
Ведомство келесі жылы 40-қа жуық аудиторлық тексеріс жүргізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, тексеру жұмыстары отандық фармацевтикалық өнім өндірушілерді қолдау, инвестиция тарту, автомобиль жолдарын дамыту, мемлекеттік ақпарат саясаты бағыттарын, "Қазақтелеком" АҚ, "Қазпошта" АҚ және Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық атқару жүйесі комитетін, сондай-ақ басқа мекемелерді қамтиды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аудитті жетілдіру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
Айта кетсек, Мемлекет басшысы 2025 жылғы 18 тамызда "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жарлығына қол қойды. Бұл арадағы өзгерістердің Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) қызметіне қатысы бары нақтыланады.