primeminister.kz
Премьер-министр Олжас Бектенов екі елдің бизнес-қоғамдастығының 300-ден астам өкілі қатысқан Қазақстан-Франция инвестициялық форумын ашты, деп хабарлайды primeminister.kz.
Форумның күн тәртібінде сауда-экономикалық қатынастарды, көлік, энергетика және өнеркәсіптік әлеуетті дамыту, азық-түлік қауіпсіздігі мен денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық, қалаларды тұрақты дамыту және қалалық ортаның сапасын жақсарту, сондай-ақ ТКШ және туризм салаларын нығайту мен әртараптандыруға арналған кең ауқымды мәселелер тұр.
Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 31%-ға артып, $5,5 млрд рекордтық көрсеткішке жетті, оның ішінде экспорт көлемі $3,6 млрд-ты құрады. Қазақстандағы француз инвестициясы $20 млрд-қа жақындады, елімізде француз капиталының қатысуымен 200-ден астам компания белсенді жұмыс істеп келеді.
Бүгінде Қазақстан Франция үшін жетекші серіктес саналады, Орталық Азия елдерімен барлық сауданың 80%-ға жуығы оның үлесіне тиесілі.
Форумды ашқан Премьер-министр Олжас Бектенов екі мемлекет басшылары деңгейіндегі сенімді қарым-қатынастар нәтижесінде екіжақты байланыс стратегиялық әріптестіктің кеңейтілген деңгейіне көтерілгенін атап өтті.
«Франциямен ынтымақтастық – Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі басымдықтардың бірі және Еуропалық Одақ шеңберіндегі серіктестігіміздің ажырамас бөлігі. Біздің елдеріміз берік саяси байланыстармен, белсенді үкіметаралық және парламенттік диалогпен, сондай-ақ қарқынды сауда және инвестициялық өзара іс-қимылмен ерекшеленетін берік әрі көпқырлы серіктестікке ие», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр Қазақстанның оңтүстігінде қуаты 1 ГВт болатын Тotal Energies компаниясымен жел электр стансасын салу, Alstom компаниясы ұсынған өндірісті оқшаулау және теміржол секторына жаңа инвестиция, Air Liquide компаниясының Павлодар МХЗ-дағы сутегі энергетикасы бойынша жобасы, Danone, Lactalis және Lidea және т. б. қатысуымен тамақ және сүт өнеркәсібін дамыту сияқты негізгі бірлескен жобаларға тоқталды.
Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға және ЖИ, фармацевтика, туризм және су ресурстарын басқару сияқты секторлардағы ынтымақтастыққа мүдделі.
Сондай-ақ Астана мен Алматыда француз мектептерінің ашылуы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дағы Lumière орталығының және Лотарингия университеті филиалының жұмысын қоса алғанда, білім беру және ғылыми кооперациядағы ілгерілеушілік атап өтілді.
Олжас Бектенов Қазақстан шетелдік әріптестер үшін қолайлы инвестициялық ахуал жасауға толық ниетті екенін атап өтті. Қазіргі уақытта Қазақстан ұсынып отырған инвесторлар үшін мүмкіндіктерге, құқықтық кепілдіктер, салықтық жеңілдіктер, арнайы экономикалық аймақтарға және АХҚО-ға назар аударылуда.
Форум Қазақстан мен Франция президенттері арасындағы уағдаластықтарының іс жүзіндегі жалғасы болуға және іскерлік ынтымақтастықты кеңейтуге, жаңа инвестициялық жобаларды іске қосуға және екі елдің бизнесі арасындағы байланыстарды нығайтуға бағытталған.
Іс-шара қорытындысы бойынша энергетика, көлік, денсаулық сақтау және су ресурстары салаларындағы келісімдерді қоса алғанда, бірқатар құжатқа қол қою жоспарланған.