Қазақстандықтар зейнетақы жинағының шекті мөлшерден асатын бөлігін ипотека берешегіне құюына қатысты ереже өзгеруі мүмкін. Нақтырақ айтсақ, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ипотеканың пайызын зейнетақы қаражатымен жабу мүмкіндігін алып тастайтын заң жобасын әзірлеп, қоғам талқысына шығарды.

Заң жобасындағы ұсынысқа сәйкес, зейнетақы қорындағы жас ерекшелігіне сай белгіленген межеден асатын қаражатын азаматтар банк алдындағы негізгі борышын өтеуге жұмсай алады, — деп хабарлайды "КТК" арнасы.

Бұған дейін де қазақстандықтарға мұндай мүмкіндік берілген. Алайда құйған соманың жартысы банк пайызын өтеуге, тек мардымсыз бөлігі ғана негізгі қарызды жабуға кететін. Енді өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ұсынысына сәйкес, зейнетақы қорындағы артылған ақша бірден берешекті өтеуге кеткенімен қоймай, ипотеканың ай сайынғы төлемі де азаяды. Сондай-ақ белгіленген пайыз мөлшерлемесі де тек қалған сомаға есептеледі.

Қоғамдық талқылауға шығарылған бұйрық жобасы 21 қарашаға дейін қаралмақ.

"Мысалы борышыңыз 10 миллиион десек, біржолғы зейнетақы қорынан шеше алатын сомаңыз екі миллион, 10 миллион қарыз алдыңыз, екі миллионмен жаптыңыз, сіздің негізгі қарызыңыз 8 миллионға түседі. Сәйкесінше, сіз 8 миллионға түстіңіз, сіздің әр ай сайын төлейтін сома да азаяды немесе төлейтін уақытыңыз қысқарады", — дейді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі басқармасының бас сарапшысы Даубек Керімбаев.

Дереккөз: "КТК" арнасы

"Алматы" телеарнасына да сұхбат берген Даубек Керімбаев зейнетақы жинақтарын пайдалану бойынша қандай өзгерістер енгізуді ұсынып отырғандарын түсіндіріп берді.

"Бүгінгі күнге министрліктің бастамасымен біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізіліп жатыр. Біріншіден, Салық кодексінің негізінде келесі жылдан бастап біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану барысында салық төленбейтін болады. Сонымен қатар екінші мәселе – бүгінгі күнге дейін біржолғы зейнетақы төлемдер сомасының бір бөлігі екінші деңгейлі банктердің үстемесі мен пайыздарына төленсе, екінші бөлігі негізгі қарыз сомасына төленетін, енді біз сол біржолғы зейнетақы төлемдерін толық негізгі қарызды өтейтіндей етіп жасауды ұсыныс жатырмыз. Ол қолдау тапқан жағдайда, тиісті мемлекеттік органдар арқылы күшіне енетін болады", — дейді Керімбаев.

Осы орайда Керімбаев заң жобасын халық "басқаша түсініп жатқанын" сөз етті.

"Интернет желісінде, бірнеше сайттан көріп қалдым, онда халық басқаша түсініп отыр. "Біржолғы зейнетақы төлемдерін енді пайызға төлей алмаймыз, пайдалана алмаймыз" деген сияқты. Енгізіп жатқан ұсынысымыз халыққа өте ыңғайлы, тиімді, әр ай-сайынғы төлемі қысқарады немесе мерзімі қысқаратын болады", — деп сендірді Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі басқармасының бас сарапшысы.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз