Автомобиль өнеркәсібі – ел экономикасының маңызды салаларының бірі. Бүгінде елімізде автокөлік құрастыру көлемі артып келе жатқанымен, қосалқы бөлшектердің басым бөлігі шетелден әкелінеді. Осыған байланысты мемлекет тарапынан автоқұрастыру зауыттарын отандық өнімдермен қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр.

Осы бағытта қолға алынған «QazElastoPlast» зауытының ашылуы – өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған нақты қадам. Зауыт еліміздің автоөндірушілеріне қажетті автокомпоненттер өндірісін жолға қоюды көздейді.

Жобаның инвестиция көлемі 600 миллион теңгені құрайды. Бұл қаражат заманауи еуропалық құрал-жабдықтарды сатып алуға, өндіріс технологиясын жетілдіруге, жоғары сапалы өнім шығаратын өндіріс желісін іске қосуға бағытталды.

Кәсіпорын жылына 150 мың жиынтық автоөнім шығаруға қауқарлы. Бұл көрсеткіш ішкі нарықтағы сұранысты толықтай қанағаттандырып, шетелден әкелінетін өнімдерге тәуелділікті айтарлықтай төмендетеді.

Бүгінде зауытта 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, бұл – жергілікті тұрғындарға маңызды әлеуметтік қол­дау. Жұмысшылардың орташа айлық жалақысы – 250 мың теңге. Болашақта өндіріс көлемі артқан сайын жаңа жұмыс орындары ашылып, қызметкерлер саны да көбейе түседі.

Зауытта шығарылатын өнім түрлері автомобиль өнеркәсібінің негізгі қажет­тіліктерін қамтиды. Тарқатып айтар болсақ, термоэластопласттан жасалған кілемшелер, түрлі үлгідегі автомобиль төсеніштері, шашыратқыштар, тығыз­дағыш резеңке таспалар. Кәсіпорын «Hyundai» маркасының үш моделіне арналған бөлшектерді шығарып жатыр. Алдағы уақытта өнім түрлерін көбейтіп, өнімділікті арттыруды көздеп отыр.

Бұл өнімдер еліміздің автокөлік құрастыратын зауыттарына аса қажет. Бұған дейін мұндай бөлшектер негізінен Ресей, Қытай, басқа да елдерден импортталатын. Енді «QazElastoPlast» зауытының жұмысы арқасында отандық автоөнеркәсіп толыққанды жергілікті өнімге сүйеніп жұмыс істеуге мүмкіндік алады.

Зауыттың ашылуы тек өндірістік салаға ғана емес, әлеуметтік бағытқа да оң әсерін тигізеді. Жаңа жұмыс орындарының пайда болуы – жергілікті тұрғындарға тұрақты табыс көзі. Сонымен қатар кәсіпорыннан түсетін салық түсімдері аудандық, об­лыстық бюджеттердің кірісін арттырып, әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ақниет Тұматаев өз сөзінде зауыттың ашылуы өңір экономикасындағы үлкен жетістік екенін атап өтті.

– Бұл жоба біздің ауданның өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, еліміздегі автоөнеркәсіптің дамуына жаңа серпін береді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау нәтижесінде осындай заманауи кәсіпорындар іске қосылып жатыр. Бұл импортты алмастыру саясатының нақты көрінісі. Қазыбек ауылдық округінде жалпы көлемі 960 гектарды құрайтын индустриялық аймақ құру жоспарда бар, – деді ол.

«QazElastoPlast» зауыты өнім сапасына ерекше мән береді. Өндіріс үдерісінде экологиялық талаптарға сай, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін материалдар қолданылады. Зауытта орнатылған заманауи технологиялар өнімнің ұзақ мерзімділігін, беріктігін, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Кәсіпорын мамандары үздіксіз оқытудан өтіп, өндіріс технологияларын жетілдірумен айналысады. Болашақта зауыттың ғылыми-зерттеу бөлімі құрылып, жаңа үлгідегі автокомпоненттерді әзірлеу жоспарланып отыр.

Сарапшылардың айтуынша, «QazElastoPlast» зауыты еліміздегі автокомпоненттер өндірісін жаңа деңгейге көтереді. Бұл отандық автоөнеркәсіп үшін аса маңызды, себебі қосалқы бөлшектердің жергілікті өндірісі автомобиль бағасын төмендетіп, нарықтағы бәсекеге қабі­леттілікті арттырады. Сонымен қатар жоба еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына толық сәйкес келеді, өңірлік экономиканы әртараптандыруға үлес қосады.

Алматы облысы