Жуырда Астанада өткен «Қазақстан – академиялық білім аймағы» атты стратегиялық серіктестер форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның маңызына ерекше тоқталып, «Білім мен ғылым – әлемді өзгерте алатын ең басты күш», деді.

Форумда отандық ғылы­мының бүгінгі жетістіктері мен оны дамытуға айрықша назар аударылды. Соның ішінде шетел университеттері филиалдарын ашу инженерлік жəне IT білімді дамыту мақсатына толық сай келетіні айтылды. Қазір елімізде қолданбалы инженерияның бірегей институты саналатын үш «Лу Бань» шеберханасы ашылған. «Біз үшін ядролық энергетика саласына маман даяр­лау да ерекше мəнге ие. Біздің міндетіміз – білім мен ғылымды экономиканың нақты секторымен тікелей байланыс­тыру. Бұл бағытта сəтті мысалдар бар. Соның бірі – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен АҚШ-тың Аризона университетінің серіктестігі. Осы әріптестіктің нəтижесінде күкіртті инно­вациялық полимерге айналдыратын озық технология əзірленді», деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Ел Президентінің назарын ерекше аударған жоба туралы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан универ­ситетінің ректоры Ербол Иса­қаевқа жолығып, тиімді жоба жайында тереңірек білуге тырыстық. «Президенттің 2022 жылы жоғары білімді ин­тернационалдандыру және шетелдік университеттердің филиалдарын ашу жөніндегі бас­тамасы бүгінде өз тиімділігін дәлелдеп келеді. Қазір әлемнің жетекші университеттерімен бірлескен білім бағдар­ла­ма­ла­ры жүзеге сәтті асырылып жатыр. Біздің жобамыз осы қатар­да лайықты орын алады. М.Қозыбаев атындағы университетіміздің АҚШ-тың Аризона университетімен ынтымақтастығы – стратегия­лық серіктестіктің жарқын мысалы», деді Е.Исақаев.

Қазір Петропавл қаласында осы бағдарлама аясында елі­міздің барлық аймағынан, сондай-ақ Америка Құрама Штаттарынан, Қытайдан, Ресейден 1200-ден астам студент оқиды. Алғашқы 133 түлек 2026 жылы оқу біті­реді, олардың 31-і СҚУ мен «The University of Arizona» университетінің қос дипломын алады. Бұл серіктестік біздің студенттерге әлемдік білім стандарттарына қолжетімділік пен ғылыми зерттеулерді дамытудың қоз­ғаушы күшіне айналмақ.

Біріккен жобалардың негізгі бағытының бірі – елі­мізде алғаш рет күкірт полимерлеу зертханасын құру. Жобаны Аризона универ­ситетінің профессоры Джеффри Пьюн басқарады. Бұл зерттеу қайта өңделген күкірт негізінде инновациялық материалдарды әзірлеуге, өндіріске енгізуге бағытталған. Шикізатқа негізделген экс­порттық модельден эколо­гиялық таза пластмассалар, тыңайтқыштар, по­ли­мер­лер сияқты жоғары құн­­ды өнімдерді дайындауға мүмкіндік береді. «Міне, Мем­­лекет басшысы нақ осы саланың маңызына тоқталып, біздің мақсатымыз – білім мен ғылымның және нақты экономика арасындағы тікелей байланысты қамтамасыз ету екенін атап өтті», деді ректор.

Елімізде күкірттің үлкен қоры бар. Сондықтан бұл – еліміз үшін өте маңызды жоба. «Бұл жоба химия өнеркәсібінің дамуына елеулі серпін береді және ең бастысы, бірқатар экологиялық мәселелерді шешуге ықпал етеді», деп атап өтті Президент. «Мемлекет басшысының біздің жобамызға осындай жоғары баға бергені, бастамаларымызды қол­дағаны шын жүректен қуантты», деді Е.Исақаев.

М.Қозыбаев университеті мен Аризона ғалымдары бұдан басқа да жобаларды іске асыруды қолға алған. Соның ішінде аймақтағы суару және сумен жабдықтау үшін пайдаланылатын судың микробиологиялық құрамы бойынша бірлескен зерттеулер жүргізіліп жатыр. Жоба АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің қаржылық қолдауымен жүзеге асырылады. Біздің ғалымдардың міндеті – Солтүстік Қазақстан облысында су ресурстарын бақылау және тазарту бойынша ғылыми-технологиялық орталық құру, су сапасын бақы­лаудың цифрлық құ­рал­дарын әзірлеу және ауыл шаруа­шылығының сумен жаб­дық­тау жүйесіндегі микро­био­ло­гиялық тәуекелдерді азайту.

Аризона университетімен ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – агрогеномика және биоинформатика. Қозыбаев университетінің базасында биоинформатика мектебі іске қосылды, онда мамандар ДНҚ секвенирлеу және геномдарды құрастыру технология­сын оқытады. Бұл зерттеу бидай мен күріштің жаңа, төзімді сұрыптарын әзірлеуге, сондай-ақ Каспий итбалығы мен Грейг қыз­ғалдағы сияқты еліміздің біре­гей жануар­лар мен өсімдік түр­лерінің генетикалық қорын сақ­тауға негіз қалайды.

«Біздің жобаларымыздың түпкілікті мақсаты – Сол­түстік Қазақстан облысында ел эко­номикасының, аграр­­лық сек­то­рының, эко­логия­сы­ның нақ­ты мін­деттерін шешетін толық­қан­ды ғылыми-инно­ва­ция­лық орталық құру.

М.Қозыбаев университеті халықаралық білімді нақты технологияларға айналды­ратын алаң болмақ. Ал студенттер, оқытушылар мен зерт­теушілер әлемдік деңгей­дегі ғалымдармен қатар жұмыс істейді. Аризона универ­ситетімен серіктестік – аймақ­тық университетті ғылым, инновация және тұрақты өсу орталығы ретінде дамытудың стратегиялық моделіне айналдырады», деді университ ректоры Ербол Исақаев сөзінің қорытындысында.

Сонымен бірге ол Ари­зона университетінің пре­зиденті Суреш Гаримеллге, вице-президенттер Дженни Лиге, Рики Салазарға, профессорлар Род Вингке, Джеффри Пьюнға, Чарльз Гербке, Ирина Панюшкинаға, Шамиль Саевқа ынтымақтастықтың дамуына үздіксіз қолдау көрсетіп, сенім білдіріп, орасан зор үлес қосқаны үшін риза екенін жеткізді.

ПЕТРОПАВЛ