Ауған тарапының бастамасымен еліміздің сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Ауғанстан сыртқы істер министрі Әмір Хан Муттакимен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы сыртқы саяси ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Сұқбат барысында Ермек Көшербаев таяуда болған жойқын жер сілкіністеріне байланысты ауған халқына көңіл айтып, алдағы уақытта Қазақстан тарапынан Кабулға гуманитарлық миссия жіберілетінін хабарлаған.

Миссия құрамына медициналық мамандармен қатар дәрі-дәрмектер мен алғашқы қажеттілік заттары кіреді.

Әмір Хан Муттаки ауған халқының мұқтаждықтарына әрдайым көңіл бөліп, тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан қазақ тарапына ризашылығын білдіріп және биыл жалпы көлемі 3,7 мың тоннаны құраған екі партия гуманитарлық көмектің жіберілгенін атап өткен.

Тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылап, достық және өзара тиімді қатынастарды одан әрі нығайтуға дайын екенін растаған.

Сондай-ақ сұқбат барысында сауда, банк, тау-кен металлургиясы мен цифрлық технологиялар салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылған.

Келіссөздер қорытындысы бойынша министрлер қазақ-ауған ынтымақтастығын дәйекті дамыту ниетін растап, белсенді саяси диалогты жалғастыру жөнінде уағдаласқан.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз