Бағаны ticketon.kz сервисі жариялады. Билеттер бүгіннен бастап сатыла бастайды .
Әлемге әйгілі әнші Дженнифер Лопестің Алматы қаласында өтетін концертіне билет қанша теңгеден сатылатыны мәлім болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Дженнифер Лопес ән шырқайтын сахнаның дәл алдында орналасқан VIP-аймақтағы орындар 180 мың теңге тұрады. Сахнаға жақын орындарға билет арзанырақ – 160 мың теңге.
120 мың теңгеге Fan zone мен сахнаның екі жағындағы орындарды таңдауға болады. Dance floor секторына билет 90 мың теңге тұрады. Сахнадан алыс орналасқан секторлардағы орындар құны 40 мың мен 80 мың теңге аралығында сатылады.
Айта кетейік, Дженнифер Лопестің Алматыдағы концерті Орталық стадионда өтетін болды.
Дженнифер Лопестің Алматыдағы концертін ұйымдастырушылар First Media Group және CA Entertainment компаниялары "Қайрат" футбол клубы және спорттық нысандар дирекциясымен бірлесе отырып, "Қайрат" – "Жеңіс" матчын 2025 жылдың 21 қыркүйегіне ауыстыру туралы келісімге келді.