Оқиға 2024 жылдың қыркүйегінде Іле ауданындағы Жетіген станциясында болған. Майқұдық – Жетіген бағытымен келе жатқан жүк контейнерінен күдіктілер жалпы құны 2 миллион теңгеден асатын 23 мыс табақты ұрлап кеткен, деп хабарлайды Zakon.kz.

Көлік полициясы бөлімінің қызметкерлері Қонаев станциясында қылмыстық топтың бес мүшесін ұстады. Олардың бәрі бұрын сотталған Алматы және Жетісу облыстарының тұрғыны болып шыққан.

"Арнайы операция барысында СОБР арнайы жасағының қолдауымен үш күдікті Алматыда бір мезетте ұсталды. Біраз уақыттан кейін тергеуден бой тасаламақ болған тағы екі сыбайласы да қолға түсті", — деп хабарлады Алматы облыстық полиция департаменті.

Аталған іс бойынша ірі көлемде, алдын ала сөз байласқан топпен жасалған ұрлық бабымен сотқа дейінгі тергеу жүргізілді.

Сот барлық айыпталушыларды кінәлі деп танып, оларға бас бостандығынан айыру және шектеу түріндегі жазалар тағайындады.