Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның саяси қарсыласы, Ыстамбұлдың бұрынғы мэрі Экрем Имамоғлы өмірінің соңына дейін түрмеде отыруы мүмкін .

CNN TÜRK хабарлауынша, Экрем Имамоғлына қатысты ауқымды тергеу аяқталды. Прокуратура саясаткерге ауыр айыптар тағылған қорытынды дайындаған. Олардың қатарында қылмыстық ұйым құру, пара алу және алаяқтық қылмыстары бар.

«Өз пайдасы үшін әрекет еткен Имамоғлу қылмыстық ұйымы» деп аталған іс бойынша барлығы 407 күдікті анықталған. Олардың ішінде:

  • 105 адам қамауға алынған,
  • 170 адам сот бақылауында,
  • 7 адам іздеуде,
  • 5 адам жәбірленуші әрі күдікті ретінде танылған.

Айыптау актісінде Имамоғлуның атымен байланысты 142 қылмыстық эпизод көрсетілген. Соның ішінде 12 рет пара алу, 7 рет ақша жылыстату және 7 алаяқтық дерегі бар.

Бұған қоса, оған қызмет бабын теріс пайдалану, мемлекеттік мекемелерге зиян келтіру, салық және экологиялық заңнаманы бұзу, сондай-ақ жалған ақпарат тарату айыптары тағылып отыр.

Прокуратура бұрынғы қала басшысына 828 жыл 2 ай уақыт, яғни, 2352 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Ресми мәлімдемеде аталған іс қоғамда кең талқыланып отырғаны айтылды. Сондай-ақ сот процесі ерекше бақылауда өтетіні атап өтілді.