Қазақстанда жер қойнауын пайдалануға арналған бірыңғай электронды платформа құрылады.

Тиісті түзетулерді көздейтін «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске өзгерістер енгізу туралы заң жобасын Парламент Мәжілісі бірінші оқылымда мақұлдады.

Жаңа жүйе жер қойнауын пайдалану саласындағы барлық ақпарат пен процестерді біріктіріп, ашықтық пен тиімділікті арттыруға бағытталған.

Маңыздысы, портал жекешелендірілмейді және тек мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының меншігінде болады.

Заң жобасында бірқатар жаңалықтар қарастырылған:

  • Қол қою бонусын төлемеген аукцион жеңімпаздары мен олардың бенефициарларына бес жыл мерзімге пайдалы қатты қазбаларды барлауға лицензия берілмейді;

  • Уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымына геологиялық ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу және оған қол жеткізуді қамтамасыз ету өкілеттігі беріледі;

  • Қатты пайдалы қазбаларды барлауға арналған жаңа бос блоктарға лицензия алу өтінімдерін қарау тәртібі айқындалады;

  • Барлау кезеңінде пайдалы қазбаларды өндіру, сондай-ақ индустриялық-инновациялық жобалар үшін жер қойнауын пайдалану құқығын беру және аукцион өткізу тәртібі белгіленеді.

Мәжіліс депутаттарының пікірінше, заң жобасының қабылдануы жер қойнауын пайдалану саласында инвестиция тартуды күшейтеді, саланы цифрландыруды жеделдетеді және мемлекеттік бақылауды арттырады.