9 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тұрақты тұру үшін 16,1 мың адам қоныс аударған. Олардың көбі ТМД елдерінен келген, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Статистика бюросының мәліметінше, елге келгендердің саны әлі де кеткендер санынан басым болып отыр. Қаңтар-қыркүйек аралығында елден 5,9 мың адам көшіп кеткен, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41,4 пайызға аз. Көші-қон сальдосы оң мәнде қалып отыр – 10,2 мың адам.
Елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен жүзеге асырылады. Достастық елдерінен келгендердің үлесі 82,7 пайыз, ал осы елдерге кеткендердің үлесі – 73,2 пайыз. Басқа мемлекеттерден келгендердің ішінде Қытай, Моңғолия және Түркия азаматтары басым.
Қазақстанға қоныс аударғандардың көпшілігі Алматы облысына – 4,4 мың адам, Алматы қаласына – 2,6 мың адам, Маңғыстау облысына – 2,3 мың адам және Астана қаласына – 1 мың адам көшіп барған.
Ел ішіндегі көшіп-қонушылар саны 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,8 пайызға артқан.
Өңіраралық көші-қон бойынша оң сальдо төрт өңірде қалыптасқан: Астана – 67,2 мың адам, Алматы – 27,8 мың адам, Шымкент қалаларында – 13 мың адам және Алматы облысында – 8 мың адам.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз