Әлем елдерінің 40 пайыздан астамы мектепте смартфон қолдануға ресми түрде тыйым салған, деді депутат Асхат Аймағамбетов

Депутат Асхат Аймағамбетов Мәжіліс мінберінде мектепте смартфон қолдануға тыйым салу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, әлем елдерінің 40 пайыздан астамы мектепте смартфон қолдануға ресми түрде тыйым салған.

"Қазақстанда да бірқатар алдыңғы қатарлы мектептер – NIS, БИЛ, "Дарын"- сабақ кезінде смартфон қолдануға шектеу қойды. Нәтижесі өте жақсы. Оң әсері байқалды: балалар белсендірек, бір-бірімен жиі тілдеседі, сабақ кезінде алаңдаушылық азайды. Алайда елдегі көптеген мектептерде жағдай өзгеше: мұғалімдер жанжалдан қорқады, ал оқушылар сабақ пен үзіліс кезінде TikTok-та сағаттап отырады", – деді Асхат Аймағамбетов.

Депутаттың сұрағына жауап берген Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун Цифрлық кодексте мұндай шектеу қарастырылып жатпағанын мәлімдеді.

"Керісінше, министрліктің қазіргі ұстанымы бойынша біз жас ұрпақты смартфонды дұрыс пайдалануға үйретуіміз керек. Олар техниканы, жасанды интеллектіні, интернетті қолдану бойынша қатардан қалып қоймауы қажет. Оның орнына оны дұрыс пайдалана білуі тиіс. Соған орай, Цифрлық кодексте смартфонға тыйым салуды қарастырып жатқан жоқпыз", – деп жауап берді Дмитрий Мун.

Бұдан кейін Асхат Аймағамбетов өзінің Telegram арнасында заңдық шектеудің қажеті бары не жоғы туралы қоғамдық талқы жүргізу қажеттігін жазды.

"Әрине, мәселе тек тыйым арқылы шешілмейді. Мұнда білім беру, балалармен ашық сөйлесу, цифрлық гигиенаны түсіндіру, сыни ойлау қабілетін дамыту аса маңызды. Бізге тек шектеу емес, бірлескен шешімдер қажет: фильтрлер, гаджеттерді бірге пайдалану, ағарту, ересектердің нақты назары және балама пайдалы белсенділіктер", – деп жазды Асхат Аймағамбетов.


Оқи отырыңыз:

  • "Әлеуметтік желі керек, бірақ 3-5 жасар балаға TikTok қосып беру зиян". Асхат Аймағамбетов цифрлық әлемді реттеу туралы
  • Мультфильмнің тілі табиғи болуы шарт – Асхат Аймағамбетов