Өңірлік балалар ауруханасының дәрігерлері күніне шамамен 100-120 баланы қабылдап жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Балалар жедел және жіті респираторлық вирустық инфекцияға жиі шалдығуда. Қазірдің өзінде облыстық балалар ауруханасында ЖРВИ (жедел респираторлық вирустық инфекция) және ЖРА (жедел респираторлық аурулар) диагнозымен 230-дан аса бала жатқызылған. Дәрігерлердің айтуынша, үйде ауырып жатқан балалар да көп. Ата-аналар балаларының қызуы ұзақ уақыт түспейтініне алаңдаулы. Көп жағдайда жөтел қысады. Жұртшылық арасында «бұл ковидтың бір түрі» деген әңгіме желдей есіп тұр.
Дейтұрғанмен дәрігерлер бұл маусымдық суық тию аурулары екенін айтып, көпшіліктің алаңдамауын сұрап отыр.
- Күзгі кезеңде бізде вирустық респираторлық инфекциялар мен тұмау маусымы басталады. Бұл — маусымдық инфекция. Балалардың ковид жұқтырған өзге балалармен бірге жатқаны туралы расталған ақпарат жоқ, — деп хабарлады өңірлік балалар ауруханасынан.
Балалар ауруханасының мәліметінше, мұнда күн сайын 100-120 науқас бала қабылданады. Бірақ барлығы ауруханаға жатқызылмайды. Қазіргі күні жұқпалы аурулар стационарында 236 бала ем алып жатыр.
- Стационар толық қуатта жұмыс істеп жатыр, қажет болған жағдайда қосымша төсек-орындар орналастыруға дайынбыз, — деп қосты ауруханадан.
Павлодар облысы