Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астанадағы №3 көпсалалы қалалық балалар ауруханасы директорының орынбасары медициналық мекемедегі ұзын-сонар кезектің пайда болу себебін түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Инфекционист Роза Өтегенованың айтуынша, қазаннан бастап жұқпалы аурулар ауруханасына түскен балалар саны көбейе бастаған.

"Бұл жағдай жыл сайын байқалады. Көбінесе, 70 пайыз жағдайда бұл 5 жасқа дейінгі балаларға байланысты. Ата-аналар кешкі уақытта, жұмыстан кейін және демалыс күндері көмекке жүгінеді. Учаскелік дәрігердің немесе емхананың жолдамасын алмай келіп жатады.

Эпидемиялогиялық жағдайға байланысты барлық емханада фильтр кабинеттері жұмыс істейді. Мобильді бригадалар жұмыс істеп жатыр, бірақ мұны біле тұра ата-аналар емханаға емес, өз бетінше біздің ауруханаға келеді. Ал көбі кешкі уақытта және өз бетімен келетіндіктен, қабылдау бөлімінде кезекте тұрғандар көбейгені байқалады.

Ата-аналардан өтінеміз: баланың дене қызуы көтерілгенін немесе әлсіздік сияқты ауру белгілерін байқасаңыздар учаскелік дәрігерге хабарласыңыздар. Егер ауруханаға жатуға жолдама берілсе ғана, стационарлық емге жүгінуге тиіс", — дейді Өтегенова.

Ал Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Сархат Бейсенова қазіргі таңда ауруханаларда 7 738 орын бар екенін мәлім етті.

"Тағы 922 төсек орналастыруға болады. 1409 төсек-орын резервте тұр. Қазіргі уақытта Алматы, Астана, Шымкент, Түркістан облысы, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарында төсек-орынның 89-90 пайызы бос емес", — деді спикер.

Журналистер одан дәлізде жатқан науқастар туралы пікірін сұрады.

"Ол жұқпалы ауру ғой, стационардан науқастар шығарылғаннан кейін ауруханалардағы бокстар мен палаталарға дезинфекция жасалады, содан кейін палаталарға кем дегенде бір сағат кіруге болмайды. Сондықтан сол уақытта дәлізде жатқан болар", — деп болжам жасады төрайым.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз