Мәжіліс депутаттары жалпы отырыста қоғамдық орындарда педофилия мен дәстүрлі емес жыныс бағдарын насихаттауға тыйым салатын заң нормасын қолдады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мұндай норма "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мұрағат істері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына енгізілген. Түзетулерді депутат Елнұр Бейсенбаев таныстырды.

"Балалар мен жасөспірімдерді цифрлық кеңістіктегі жағымсыз контенттен қорғауға қатысты қоғамда алаңдаушылық үдеп бара жатқанына байланысты заң жобасына қоғамдық орындарда педофилия мен дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттауға тыйым салатын түзетулер енгізілді.

Балалар мен жасөспірімдер күн сайын отбасы, имандылық және болашақ туралы түсінігіне кері әсерін тигізетін ақпаратпен желіде бет-бет келіп жүргенін көріп отырмыз. Өскелең ұрпақты заңсыз контенттен қорғау – олардың қауіпсіздігі мен психикалық денсаулығының мәселесі", — деді депутат.

Түзетулер тоғыз заңға, соның ішінде балалар құқығы, жарнама, байланыс, мәдениет, білім, кинематография және бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдарға әсер етеді.

"Дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттаудың нақты анықтамасы және оны бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн платформаларда және телекоммуникация желілерінде орналастыруға шектеулер енгізіледі. Бұл нормалар – үкіметтің, сарапшылардың және азаматтық қоғамдастықтың жиынтық шешімі.

Айтпақшы, Қазақстан бұл мәселемен бетпе-бет келген алғашқы ел емес. Осыған ұқсас нормалар Венгрия, Болгария, Литва, Польша, Қырғызстан және Ресей сияқты бірқатар елде қолданылады. Сонымен қатар АҚШ Жоғарғы соты президент Дональд Трамптың трансгендерлерге төлқұжатта биологиялық жынысынан басқа жынысты көрсетуге тыйым салатын ұстанымын қолдады. Бұл толерантты Американың да табиғат-ана заңына қайшы келмейтінін тағы бір дәлелдейді", — деді мәжілісмен.

Ол бала құқықтары жөніндегі халықаралық стандарттарда да осындай талаптар бар екенін еске салды. БҰҰ Конвенциясының 17-бабы бойынша мемлекеттер балаларды олардың әл-ауқатына зиян келтіретін ақпарат пен материалдардан, оның ішінде интернет-ортадан қорғау шараларын қабылдауға міндетті.

"Айта кететін жай, бұл ЛГБТ қауымдастығына қатысы бар адамдарға "тыйым салу" немесе "бас тарту"емес. Ешкім олардың жеке құқығын шектеп жатқан жоқ. Енгізіліп жатқан нормалар мұндай ақпаратты көпшілікке таратудың шекарасын белгілейді, бұл жалпы қабылданған халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді", — деп қорытындылады сөзін Елнұр Бейсенбаев.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов барлық контент таңбаланатынын айтты.

"Аталған контентте сондай көріністер болса, 18+ деп белгіленеді. Ол 18 жастан асқандар үшін ғана көрінеді. Кітаптарға да осындай шектеу қойылады", — деді ол.

Құжат сенатқа жолданды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз