Ресей Қазақстанға төрт Амур жолбарысын өтеусіз береді, деп хабарлайды Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ведомствоның мәліметінше, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге мемлекеттік сапары аясында Қазақстанға амур жолбарыстарын әкелу және бейімдеу жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылған.

Құжат аймақта баламасы жоқ – Орталық Азияда жолбарысты қайта қалпына келтіру жобасы бойынша уағдаластықтарды бекітеді.

Келісімге екі елдің экология және табиғи ресурстар министрлері қол қойған.

Жоспар аясында Ресей Қазақстанға төрт Амур жолбарысын – екі аталық және екі аналық дараны өтеусіз береді. Жануарлар "Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерватына жеткізіледі.

Ресей тарапы ветеринариялық дайындық пен тасымалдауды қамтамасыз етсе, Қазақстан тарапы қарсы алу, орналастыру және мониторинг жүргізу жұмыстарын атқарады. Жоба WWF және БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен жүзеге асырылады.

Жолбарысты Қазақстанға қайта енгізу идеясының ғылыми және тарихи негізі бар. 2009 жылы халықаралық биологтар тобы (Driscoll және басқалар, 2009) жүргізген генетикалық зерттеулер нәтижесінде жойылып кеткен Тұран жолбарысы мен қазіргі Амур жолбарысының ДНҚ ұқсастығы дәлелденген. Бұл жаңалық жоғалған популяцияны қалпына келтіру жұмыстарына бастау болуға мүмкіндік берді.

2018 жылы "Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерваты құрылды, онда қазіргі таңда Қазақстанға алғаш Нидерландыдан әкелінген Амур жолбарыстары мекендейді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз