Астанада Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, композитор Балнұр Қыдырбектің 70 жылдығына арналған шара өтті, деп хабарлайды 24KZ. Ғылыми конференцияға Қазақстан мен көршілес елдерден музыкатанушылар, композиторлар және орындаушылар қатысты.
Балнұр Қыдырбек қазақ өнеріне сүбелі үлес қосты. Оның 500-ден астам музыкалық шығармасы бар. Оның ішінде камералық-аспаптық және симфониялық туындылары көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді. Іс-шара барысында қазіргі заманғы композиторлық өнердің негізгі бағыттары мен үрдістері талқыланды. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтау хатын жолдады. Конференция қорытындысы Жамбыл Жабаев атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің үлкен концерт залында гала-концертпен жалғасады.
Балнұр Қыдырбек, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, композитор:
- Бұл конференция маған ғана арналды деп айтуға болмайды. Бұл түбінде осы біздің тәуелсіз Қазақстанның 30-дан асқан жыл ішінде жеткен жетістігінің біріне арналған деп санау керек. Неге десеңіз, менің шығармашылығым ғана емес, бүкіл жанымдағы әріптестерімнің де, қазақ музыкасының жетістігі. Әрине, біз композиторлар шығарма жазғанда негізінде көркемдік жағын, ішкі дүниесін ашамыз. Ал бірақ соны дұрыстап жұртшылыққа жеткізу – ол осы музыка зерттеушілердің нақтылы ісі.