Алматы облысында бір топ азамат шет мемлекеттің туы мен басшысының портретін өртеп жіберді. 18 адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды облыстық полиция департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Полиция департаментінің Instagram желісіндегі парақшасындағы ақпаратқа сүйенсек, 13 қарашада Алматы облысының Ұйғыр ауданында бір топ азамат рұқсат етілмеген басқосуға жиналған. Олар заңсыз әрекеттерге барған, атап айтқанда шетелдің мемлекеттік туы мен сол еддің басшысының суретін өртеп жіберген.
"Сот іс материалдарымен танысып, соның нәтижесінде 12 азамат Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы (ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 15 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынды.
Сондай-ақ алты қатысушының әрқайсысына 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды", — деп хабарлады Алматы облысының полиция департаменті өкілдері.
Одан бөлек бұл оқиға бойынша араздық тудыруға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция өкілдерінің сөзінше, мемлекеттік рәміздерге қатысты кез келген теріс әрекет, сондай-ақ алауыздық тудырған, қоғамдық қауіпсіздікті бұзуға бағытталған әрекеттер заңды өрескел бұзушылық болып саналады және қолданыстағы заңнамаға қатаң сәйкес жазаланады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз