ШҚО-да "гонконг тұмауын" жұқтыру жағдайлары анықталды, деп хабарлайды Kazinform.
ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басылымға берген мәліметінше, бұл жаңа вирусты жұқтырғандардың дене қызуы 40 градусқа дейін көтеріліп, оңайлықпен түспейді.
"Зертханалық мониторинг нәтижесінде облыста А/H2N3 типті тұмаудың, яғни "гонконг тұмауының" 5 фактісі анықталды. Бұл вирусты емдеу жалпы жедел респираторлық вирустық инфекцияларды емдеу тәртібімен бірдей жүргізіледі", — дейді департаменттің эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Әсем Халықова.
Облыста эпидемиологиялық маусым басталғалы 41 мың ЖРВИ тіркелген. Науқастардың басым бөлігі – 14 жасқа дейінгі балалар. Соған қарамастан, мамандар бұл көрсеткіш былтырғы 2024-2025 маусыммен салыстырғанда 10 пайызға төмен екенін айтқан.
"Облыста тұмаудан бөлек риновирус, аденовирус және боковирус та тарап жатыр. Соңғы аптада ЖРВИ-мен сырқаттанғандар санының өскені байқалады", — дейді Әсел Халықова.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтөбеде тұмау өршіп, науқастар ауруханаға сыймай жатқаны хабарланған еді. Вирус жұқтырғандардың дені – балалар.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз